Күй кітабының тұсаукесеріне облысымыздың қалалары мен аудандарынан арнайы делегациялар келіп қатысты. Қонақтар рәсім басталғанға дейін таяуда ғана күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілген қалалық мәдениет сарайының ішін аралап, ондағы үйірме – секциялардың атқаратын қызметімен танысты.
Мұнда жас ұрпақты шығармашылыққа тәрбиелейтін қажеттіліктердің бәрі бар деуге болады.


«Қазақстан халқына» қоры кабинеттерді заманауи жабдықтап берген.
Сондай – ақ, облыс музейлерінде сақталған домбыралардан, тарихи фотосуреттерден көрме қойылды. Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиевтің биылғы жеңіп алған «Алтын домбырасын» осы жерден тамашалауға мүмкіндік берілді.
Жаңа кітап қала әкімі Әмірхан Асановтың қолдауымен Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұйымдастыруымен жарық көрді.
Жинаққа барлығы 80 күй, оның ішінде 11 – халық күйі, 37 автордың 69 туындысы енгізілген.
Жалпы, бұл музей ұлтымыздың фольклоры мен дәстүрлі музыка өнеріне байланысты бірқатар жұмыс тындырды.

Оған дәлел ретінде 2019 жылы жарық көрген «Ескі сөз – ел мұрасы» атты фольклор жинағын, 2020 жылы басылып шыққан «Тобыл-Торғай әуені» атты музыка антологиясын айтуға болады.
«Тобыл-Торғай күйлері» кітабын дайындау барысында жалпы саны 150-ден астам күй анықталып, олардың ішінен авторлық талғам мен ғылыми сараптама негізінде таңдалып алынған туындылар осы жинаққа енгізілген. Кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде авторлардың зерттеулер мақалары, негізгі бөлімде күй ноталары берілсе, қосымша бөлімде күйлері сақталмағанмен, есімдері ел есінде жүрген 30-дан астам күйші — домбырашының өмір деректері берілген.

Сонымен қатар, облыс, республика көлеміндегі музейлер мен Ресейлік этнограф С. Рыбаковтың коллекциясындағы Торғай өңірінде қолданыста болған домбыра үлгілерінің, ұлттық домбыра күніне арналып өткізілген іс-шаралардың, күйші-домбырашылардың суреттері де кітаптан орын алған.
Арқалық қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысы бойынша «Үш Қиян» баспасынан шыққан жинақтың көлемі 19 баспа табақты құрайды.
Кітаптың авторлары: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев пен Күйшілер одағының мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі Ермек Қазмұхамбет.
Алғы сөзін жазған Арқалық қаласы әкімі Әмірхан Асанов пен музыка зерттеушісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай.
Тың туындыны ұлықтау салтанатында Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, ел абызы, «Құрмет» орденінің иегері, өлкетанушы Мұхтар Қоденов, «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, ғалым, күйші Серікбай Оспанов, «Алтын домбыра — 2025» иегері Айбек Қалиев, Амангелді аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлыбек Әлмағамбетов, Жангелдин ауданы музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.


Кітаптың тұсаукесер рәсімі ақиық ақын Серікбай Оспановқа, кітаптың ақылдастар алқасының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Бораш Әбеновке және «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі, күйші Тұрсынбек Әлмағамбетовке берілді.

Күй көгінде самғаған аға буын өкілдері мен жас өрендер шығармалары кітапқа енген ұлт ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Арман», Қапақ салдың «Кекілік», Қайырғали Әбішевтің «Сарыжайлау», халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Жеңіс» күйлері нәшіне келтіре орындады.

Тағылымды іс — шара түйінінде қала әкімі Әмірхан Асанов кешке қатысқан құрметті қонақтар мен кітап авторларына, музей ұжымына сый-құрметін көрсетіп, тартуын тапсырды.



«Қазақтың күйшілік дәстүрі жалқы мәнер емес, ол сан-салалы сарындардан, аймақтық ерекшеліктері мейлінше қалыптасқан домбырашылық салттан тұратын өнер. Қазіргі күйтанымдағы – Арқа, Шығыс Қазақстан, Қаратау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Сыр бойы деп жеті мектепке жіктелетін үлгі біздің қазақтың аспаптық музыкасының кемелдігін, домбыра күйлерінің кенендігін көрсетеді. Бүгінгі тұсаукесері болған «Тобыл-Торғай күйлері» кітабы осы сөзіміздің бір дәлелі. Жалпы, бұл жинақтың ұлттық руханиятымыз бен мәдениетіміз үшін берері мол. Ұлы істер осындай табанды ізденістерден тұрады. Қазіргі санаткерлікке шоу мен думан араласқан соң кешенді зерттеулер дер кезінде бағаланбауы да мүмкін, десек те қасиетті күй туралы зерттеу жұмыстарының болашағы әманда зор, кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болар байлығымыздың басы да осындай еңбектер болмақ. Осы ретте мұндай игілікті іске облыстағы, қаламыздағы мәдениет ошақтары мұрындық болып, ел пайдасына жарар жұмысты қолға алып қолдау беріп жатса тіпті жақсы болар еді. Бүгінгі күні қолдарыңызға тиіп отырған «Тобыл-Торғай күйлері» атты жинағымыз осынау үлкен істің бастамасы болса еңбектің ақталғаны деп білеміз», – дейді Арқалық қаласындағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінің директоры Рауан Терек.
Батырлан Сағынтаев,
кітаптың авторы:

«Бұдан бес жыл бұрын шығарған «Тобыл-Торғай» әуендері кітабымызда ән мен күй аралас берілген еді. Бұл кітаптың ерекшелігі тек қана күйлер беріліп отыр. Бұл күйлердің тең жартысы мүлде жарық көрмеген. Бұрын-соңды қолға алынбаған тың дүние. Бұл үлкен жетістік. Қазақтың күй өнерін зерттеуде үлкен жаңалық деуге болады. Осы уақытқа дейін өзге өңірлердің дабысы естіліп жатқанымен Торғай өңірі ескерусіз келді. Ағысы астында жататын терең дариялар болады. Біздің өңірдің күйшілік өнері де күркіреп аққан өзендей көзге түспесе де ағысы тереңде әлі жалғасып келе жатыр. Күйшілік өнер бізде атадан балаға берілетін мұрагерлік дәстүрмен жалғасып келеді. Оған келтіре берсек дәлел көп. Ендігі мәселе — кітапқа енген күйлерді сахнаға алып шығу деп ойлаймыз».
Ермек Қазмұхамбет,
кітаптың авторы:

«Бұл кітапта домбыра күйлері ерекше орын алады. Жүз елу күйдің ішінен сарапталып, ең жақсы, ең мықты деген 80 күй анықталды. Күйлерді нотаға түсіріп, әр күйге және әр күйшіге, әр домбырашыға мәлімет берілді. Ол мәлімет экспедиция барысында елдің аузынан жиналған. Сонымен қоса архив деректерді қолдандық. Көптеген зерттеушілер Александр Затаевич, Сергей Рыбаков, Дариға Бекқожина, Шолпан Тәткейқызы, Шерхан Мұхамеджан т.б ғалымдардың еңбектеріне жүгініп жазылған осындай дүние жарыққа шықты. Әрі қарай практикалық түрде жалғасын табады ғой деп ойлаймыз. Түрлі конкурстар жасалып жатыр. Сахнада, концерттерде, тойларда бұл күйлер тартылады деген сенімдеміз.Әрдайым, Тобыл-Торғай өңірінде болған дәстүр ол қазіргі күнге дейін мықты домбырашылармен жалғасын тауып жатыр. Менің бұл өңірдің күйшілік дәстүрін зерттегеніме бес жылдай уақытқа таяды. Көптеген экспедицияға шықтым. Өзім Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық ғылыми зерттеу лабараториясында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Сол жерде біздің өңірімізде және басқа да көптеген өңірлерде сақталған музыкалық мұралардың бай қоры сақталған»
Алдағы жылы Арқалықта «Тобыл-Торғай күйлері» кітабы бойынша күйшілер байқауын өткізу жоспарланып отыр. Байқауда кітапқа енген күйшілердің шығармалары ел назарына ұсынылатын болады.

Күй орындау шеберлігі үш жас ерекшелігі бойынша қарастырылып, «Бала күйші» (6-16 жас), «Жас орындаушы» (17-25 жас), «Кәсіби және әуесқой күйші» (25 жастан жоғары) күйшілер бақтарын сынайтын болады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
