Денисов ауданы Фрунзе ауылында «Балапан» бөбекжайы күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді.
Заманауи үлгіде жаңғырып, жаңа кейіпке енген балабақшаның қайта есік ашуы ауылдықтар үшін Тәуелсіздік күні қарсаңындағы тамаша тарту болды. Фрунзе ауылындағы көп күттірген қуанышпен жергілікті тұрғындарды облыс әкімі құттықтай барды.





«Балабақшаны жөндеуге 440 млн теңге бағытталды. Барлық инженерлік желі, есік-терезе ауыстырылып, жаңа желдету жүйесі орнатылып, жарықтандырылып, жайлы, сапалы нысанға айналды. Оның ашылуы аудандағы кезек 42 балаға кеміп отыр. Оның үстіне, 22 жұмыс орны пайда болды. Балабақша — ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына қосылған үлес. Бұл мекеме зерделі, бақытты, елінің нағыз патриоты болып өсетін жас өркенді тәрбиелеп шығаратын ошаққа айналады деп сенемін. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен және балабақшаның ашылуымен құттықтаймын», — деді Құмар Ақсақалов.
Балабақша 65 орынға шақталған. Үш топ жұмыс істейді. Олардың біреуі мемлекеттік тілде тәлім береді. Осы кезге дейін жергілікті мектептің бір бұрышын паналап келген ұжым да, ата-ана қауымы да дән разы.
Балабақшаның қалпына келуіне жергілікті кәсіпкер Николай Шерердің еңбегі зор. Ол нысанның жобалық-құндық құжатын өз қаржысына әзірлеткен.
«Мұны ауылымыз үшін маңызды мереке деуге болады. Шынын айтсам, бұл арманымыздың орындаларына күмән келтірген кезім аз болған жоқ. Дегенмен осы күнге де жеттік. Президентімізге рахмет айтамыз. Өтінішімізді құп алып, барынша қолдау көрсеткен Құмар Іргебайұлына да шексіз разымыз. Соңғы үш жылда ауылымызда қандай істер тындырылғанына куәгерсіздер. Асфальт төселіп, су тартылып, барлық мұқтаждық түгенделді. Енді, міне, көп жыл тұралаған балабақшамыз адам танымастай өзгерді. Балаларымыз бен немерелеріміз нақ осындай бөбекжайда тәрбиеленуге тиісті», — деді ауыл жанашыры Николай Шерер.

Бұдан соң балабақшаның лентасы қиылып, меймандар үр жаңа нысанды аралап, бөлім-бөлмелермен, балдырғандардың жай-күйімен танысып шықты. 






Облыс әкімі ұжымға бағалы сый-сияпатын тарту етті.



Жалпы, Денисов ауданында 500 баланы қамтитын 22 ұйым жұмыс істейді. 56 бала кезекте тұр. Олардың 33-і — 2-6 жас аралығындағы балғындар. Бұл тізімді жою бағытындағы жұмыс жалғасады.
Ақпарат үшін айта кетейік, биыл облыста білім беру саласына 217 млрд теңге бөлінді. Бұл 2023 жылғыдан 23% көп. Соңғы екі жылда бір балаға кететін шығын 35% өсіп, 2,3 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің әрқайсысына 1,7 теңгеден жұмсалады.
Кезек мәселесіне келсек, өңірде 3-6 жас аралығындағы балалар толықтай қамтылған. Тек 2 жастан жоғары бөбектер кезегін жою жұмысы қалып отыр. Әзірге бұл топты қамту үлесі — 96,3%. Жоспарлы жұмыс жүріп жатыр.
Соңғы үш жылда 5 балабақша салынып, 9-ы қалпына келтірілген.
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев
