Теріскейдегі ең ірі жоба: қуатты күн электр станциясы іске қосылды

Теріскейдегі ең ірі жоба: қуатты күн электр станциясы іске қосылды

Бейімбет Майлин ауданындағы «Варварин» АҚ кәсіпорны аумағында күн электр станциясы пайдалануға берілді. Нысанды іске қосу рәсіміне облыс әкімі арнайы барып қатысты.

Қуаты 22,6 МВт болатын станция — Қазақстанның солтүстік аймағындағы ең ірі баламалы энергетика нысаны. Жобаны «Solidcore Resourses pls» компаниясы жүзеге асырды. «Варварин» АҚ — аталған компанияның еншілес кәсіпорны.blankblankblankblank

«Бұл — маңызы зор жоба, — деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. — 2023 жылға дейін өңірде бір ғана электр станциясы жұмыс істеп тұрған еді. Ол — Қостанай ауданындағы жел электр станциясы. Екі жыл бұрын Арқалықта дәл сондай тағы бір нысан іске қосылды. Жалпы, бүгінде олардың қатары алты жобаға көбейді. Ал бұл — облыстағы алғашқы күн электр станциясы. Құйылған инвестиция көлемі — 560 млрд теңге. Жобаның сәтті іске асуына еңбек сіңірген барлық білікті ұжымға алғысымды айтамын».

blankblankЖаңа станция 36 мың күн панелінен тұрады. Олардың жалпы аумағы — 98 мың шаршы метр. Жыл сайынғы генерациясы 28,5 млн кВт-қа жетеді делініп отыр. Бұл қуат кәсіпорынды электр энергиясымен толықтай қамтуға жеткілікті. Ауқымды жоба энергетиканы декарбонизациялау және оның экологиялық тұрақтылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен үндеседі. Ол өндіріс кезіндегі парниктік газдардың жанама щығарындысын 50% кемітпек.blank

«Біз өндірісіміздің қоршаған ортаға залалын барынша төмендетуге, сондай-ақ оның энергиялық тиімділігін арттыруға тырысамыз. Жаңа күн электр станциясы осы қажеттілікке жол ашады. Біріншіден, бұл — Қостанай облысын дамытуға қосқан кезекті үлесіміз. Екіншіден, жауапты кәсіпорынның инновациялық өндіріс ошағына айнала алатынына жарқын үлгі көрсетіп отырмыз», — деді Solidcore Resourses компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис.

blankСтанцияны іске қосу батырмасын өңір басшысы мен Виталий Несис бірлесіп басып, көпшілік қондырғылардың біртіндеп жұмысқа кірісу барысын экраннан бірге тамашалады.blankblankАйта кету керек, жоба 2022 жылы Энергетика министрлігі, «Solidcore Resourses», «KEGOC» және «Qazaq Green» ассоциациясы арасындағы меморандум нәтижесінде іске асты. Бас мердігер — «Hi-Teck» ЖШС.blankҚұрылыс кезінде 70 жұмыс орны құрылды. Станция қосыла салысымен 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.blankblankblank

Толығырақ — газеттің алдағы санында.

Ж.Жүсіпбек

Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев