«Ұлы дала дүбірі» атты ұлттық ат спорты ойындары алдағы 25 қазан – Республика күніне арналып өтуде.
Батыр бабалардың рухын дәріптейтін, ел бірлігін арттыратын, жас ұрпақты намысқа, төзімділікке тәрбиелейтін ат тұяғымен құм шашқан дүбірлі додалардың орны қашанда бөлек. Қамбар ата түлігін ер жігіттің пырағы деген дана халқымыз жылқыны ер қанаты деп санаған.

Ұлттық мұраны дәріптеуге арналған ат спорты ойындары Арқалық қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауы өте зор.

Салтанатты шақта атшабарға жиналған халық көк туға бет түзеп, еліміздің Әнұраны ойнатылды. Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, елдің абыз ақсақалы, Арқалық қаласының құрметті азаматы, белгілі қолөнер шебері, тарихшы-өлкетанушы Шөптібай Байділдин жастарға батасын берді. Бата берген ақсақалдың иығына ұлттық салт – дәстүрімізге сай шапан жабылып, әсем ән әуеледі.

«Бүгінгі іс-шара бабалар аманатын жаңғыртып, жастардың бойына отансүйгіштік пен ұлттық намысты ұялататын игі бастамаә», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов өзінің құттықтау сөзінде.
Ат спорты ойындары қала әкімдіктің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында жылына екі мәрте өткізіліп келеді. Көктем мен күзде көрініс беретін осынау таңғажайып сәттердің тағылымы мол.

Екі күнге жоспарланған ат спорты ойындарында жанкүйерлер көкпар, тай жарыс, құнан жарыс және аламан бәйгені де тамашалай алады.
«Бүгінгі сайысқа қала және қалаға қарасты ауылдардың 4 құрама командасы қатысып отыр. Ертең ел – жұрт белді бәйге жарыстарын көруге мүмкіндік алады», – дейді жобаны ұйымдастырушы қалалық «Жастар А» азаматтық бастамалар орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Ахметжанов.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
