Арқалық ауылдары ат шаптырып, той жасады

Арқалық ауылдары ат шаптырып, той жасады

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын Арқалық қаласына қарасты ауыл және ауылдық округтер де дүркіретіп тойлады.

Халқымыздың салт – дәстүрін сабақтастырған дүбірлі той шалғайдағы Молодежный ауылдық округінің Матросов ауылында да жаймашуақ көріністерімен өрнектелді. Көптің қолдауының арқасында салтанат құрған мерейлі мереке туған ауылдарының түтінінің түзу шығуын тілейтін ел жанашырларының көп екенін айқындап бергендей.

Ауыл азаматтарының, сыртта жүрген тумаларының демеушілігімен ат шаптырып, бәйге беріліп, ұлан асыр той жасалды.

«Тай жарысы», «Құнан бәйге», «Аламан бәйге» жүйріктерін анықтап, бас – басына бәйге тағайындалды.

«Кейінгі жылдары ат спортына көп көңіл бөліп жатырмыз. Терісаққан бағытындағы ауылдар 2024 жылдан бастап, ат жарысын алмасып өткізіп келеміз. Мысалы, алғаш Молодежный ауылында бастау алған жарысымыз өткен жылы Целинный ауылында өтсе, биыл Матросов ауылында ұйымдастырылып, алдағы жылы Жалғызтал ауылында өтеді деп жоспарланып отыр», – дейді Молодежный ауылдық округінің әкімі Айбек Исабеков.

Округте 300-дің үстінде халық тұрады. Ауылдар орталықтандырылған су құбырымен, интернет желісімен толық қамтылған. Мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік пункт өзге де қызмет түрлері тұрақты жұмыс істейді.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Дүбірлі думанда «арқан тартыс», «қол күрес» сынды спорт түрлері де жанкүйерлерін жанына көптеп топтастырып, мәдени көпшілік іс – шаралардың өрістеуіне де мүмкіндік туды. Мерекеге жиналған ел Наурызкөжеден дәм татып, ән мен жырға кенелді.

 

Мұрат Жүнісұлы                                                                                                                       Арқалық қаласы