Ел чемпиондары Қостанайға оралды

Ел чемпиондары Қостанайға оралды

Бүгін қостанайылықтар ТЖД қызметкерлері арасында Өскемен қаласында өткен өрт-сөндіру-құтқару спорты бойынша қысқы чемпионатының жеңімпаздарын құшақ жая күтіп алды.

Салтанатты шарада ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Назарали Селимов барлық құрамаларды жеңістерімен құттықтап, олардың кәсібилігі мен табандылығы жоғары бағаға лайық екенін атап өтті.

Ол спортшыларға алдағы жарыстарда да сәттілік тілеп, мұндай жетістіктер жас қызметкерлерге үлкен үлгі екенін жеткізді.

Айта кетейік, он үш команда арасынан Қостанай облысының әйелдер құрама командасы алғаш рет республикалық деңгейдегі жарыста топ жарып, 13 команда ішінде үздік атанған болатын.

“Жарыс өте тартысты өтті. 1000 метрлік қашықтықта командамыз жолақты бірінші кесті. Басында он үш ұжымның арасынан үздік шыққанымызға сенбедік. Біз мұнымен тоқтамаймыз, келешекте талай жаттығу жиындарымыз күтіп тұр”, – дейді команда капитаны Ғалия Байкенова.

Осылайша, жеңістің тәтті дәмі барлық қиындықты ұмыттырғандай. Төгілген тер, ұйқысыз түндер бекер емес екенін ұғындырды.

“Тарихты өзіміз жазамыз. Келесі жарысқа күшейтілген дайындықты жалғастырамыз”, – деген ұстанымдағы жеңімпаздарымыздың болашағына біз де сәттілік тілеп келген жайымыз бар. Олай болса – алға Қостанай, алға Әлия мен Мәншүктің ізбасарлары!