Әулиекөл ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру аясында Әулиекөл ауылы, Гагарин көшесі, 50А мекенжайында орналасқан коммуналдық тұрғын үй қорынан 24 пәтер азаматтардың жекелеген санаттарына берілді.
Бұл – әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған маңызды қадамның бірі.

Жобаны жүзеге асыру үшін «Елорда Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып, құрылыс жұмыстары бүгінде толық аяқталып отыр.

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасып, пәтер кілттерін табыстады. Салтанатты рәсімде облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа қоныс иелерін құттықтап, бұл бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.

Өңір басшысы халықты баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет Басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударады. Облысымызда осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Айта кету керек, тұрғын үй құрылысы аудан орталықтары мен ауылдарда да қолға алынуда. Бұл өңірлердің өмір сүру мен еңбек етуге деген тартымдылығын арттырады. Жалпы, 2025 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлаған едік. Алайда бұл жоспарды асыра орындадық, жыл қорытындысы бойынша облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 63,7 мың шаршы метрі – ауылдық жерлерде. Бұл 5,4 мыңнан астам отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық өңірлерінде «Қостанай жастары» бағдарламасы жүзеге асырылуда», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Жалпы құны 356,3 млн теңге. Оның ішінде 331 млн теңге облыстық бюджеттен, ал 25,3 млн теңге аудандық бюджеттен бөлінді. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге аудандық бюджет есебінен 27 млн теңге бағытталды.

«Үш қабатты, екі подъезден тұратын тұрғын үйдің жалпы ауданы 1228,8 шаршы метр. Барлығы 24 пәтер. Оның ішінде 9 бір бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтерлер. Тұрғын үй заманауи талаптарға сәйкес салынған, барлық қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, тұрғын үйге суық су жүйесі, газбен жылыту және кәріз жүйесі жүргізілді. Яғни, бұрыннан бос тұрған ғимарат еді. Біз толық жөндеу жұмыстарын алты ай ішінде атқарып бітірдік», – дейді «Елорда Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мағжан Жаңабаев.
Пәтерлер «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы Бірыңғай республикалық кезекшілер базасында тіркелген азаматтарға берілді. Былтыр 15 желтоқсан мен 2026 жылғы 26 қаңтар аралығында 45 азаматқа SMS-хабарлама жолданып, нәтижесінде 20 азамат оң шешімге ие болған. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес және көпбалалы отбасылар бар. Қазіргі уақытта қалған төрт пәтерді бөлу жұмыстары жалғасуда.

Жаңа қоныстанушылар атынан сөз сөйлеген көпбалалы ана Гүлсара Сарина мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.
«Мен 2019 жылдан бері аудан бойынша баспана кезегінде тұрдым. Бес баланың анасымын. Бүгін өз пәтерімізге қол жеткізіп, ерекше қуанышқа бөленіп отырмыз. Бұл – біздің балаларымыздың болашағы үшін үлкен қолдау. Осындай мүмкіндік жасаған мемлекетке алғысымды білдіремін», – деді ол.
Жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесіп қана қоймай, ауданның әлеуметтік дамуына да оң ықпалын тигізеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
