Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында орман шаруашылығы инженері, журналист, аудармашы, ақын және педагог Құрманғалиев Жақсылық Серікбайұлына арналған «Тамыры терең тұлға» кітабының тұсаукесері өтті.

«Бұл кітапта әкемнің өмірі мен еткен еңбегі туралы айтылады. Ішіне әріптестері мен жанына жақын адамдардың да естеліктері кірді. Кітапты жазудағы мақсатым әкемнің көзі тірі кезінде аяқталмай қалған ісін жүзеге асыру. Анам үнемі айтып отырушы еді, кітабыңды қашан жазасың деп. Ата-анам короновирус кезінде бірдей өмірден өтті. Естелік ретінде осы бір туындыны шығаруды ұйғардық», – дейді еңбектің идеялық авторы, туынды кейіпкерінің қызы Құралай Құрманғалиева.
Айта кету керек, кітапты құрастырушы Аружан Жеңісбекова белгілі себептермен тұсаукесерге қатыса алмады. Кешті кітапхана қызметкері, жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов жүргізді.

Жақсылық Құрманғалиев кәсіби ғұмырында 35 жылын орман шаруашылығы саласына арнап, ел экологиясының дамуына елеулі үлес қосты. Оның басшылығымен 4000 гектардан астам орман алқабы отырғызылды. Сонымен қатар ол Сәкен Сейфуллин атындағы университетте ұзақ жылдар бойы дәріс оқып, жүздеген білікті маман тәрбиеледі.

Тұсаукесерге қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, педагогтар, студенттер мен кітапхана және мұражай қызметкерлерінің ішінен ақын Ақылбек Шаяхмет пен Ахметтанушы Ибраһим Ағытаев кітаптың лентасын қиып, сөз сөйлеп, естелік лебіздерін жеткізді.
Шара туған өлкенің тарихына, көрнекті тұлғалардың өмір жолына қызығушылық танытқан жұртшылық үшін мазмұнды әрі тағылымды болды.
Бота МАНЕТ
