Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс бабымен Әулиекөл ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы Аманқарағай станциясы вокзалының жаңғырту жұмыстарынан кейінгі жай-күйімен танысты.
Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту үшін ауқымды жобалар аясында вокзал ғимараты толы күрделі жөндеуден өтті.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, өңір инфрақұрылымының дамуына қосылған үлес.

Вокзал ғимаратының жаңғыртылуы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның тапсырысымен орындалды. Бас мердігер ретінде «СЕРВИССТАЛЬ» ЖШС жұмыс істеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, теміржол вокзалдарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Республика бойынша 125 вокзал жөндеу көруі керек, оған біздің облыстық 6 вокзалы да еніп отыр. Олар Қостанай, Рудный Арқалық қалаларындағы және Тобыл станциясы мен осы аудандағы Құсмұрын және Аманқарағай станциясы вокзалдары. Президент нақты тапсырма беріп, қажетті қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде негізгі теміржол вокзалдары кезең-кезеңімен жаңартылып, ретке келтіріп жатырмыз. Халыққа қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қостанай – Алматы бағытындағы №43 пойыздың вагондары жаңартылды, «Тальго» пойызы іске қосылды, ал Арқалық бағыты бойынша жұмыстар жалғасады. Жалпы, қолға алынған шаруалардың нәтижесін тұрғындар өз көздерімен көріп, оң өзгерістерді сезінеді деп сенемін», – деді Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, вокзал өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Ғимараттың жалпы ауданы бұрын 403,4 шаршы метр болса, жаңғыртылудан кейін 435 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Бұл өзгеріс нысанның функционалдық мүмкіндіктерін арттырып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартты.

«Вокзал бір қабатты. Тәулігіне жөнелтілетін жолаушылар саны – 55 адам. Жалпы жаңғырту жұмыстарына 500 млн теңгеден аса қаржы жұмсалды. Жүргізілген жұмыстардың тізімі ауқымды. Яғни, шатыр ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу ісі, инженерлік жүйелер жаңартылды. Жұмыс кестесінен ауытқулар болмады, техникалық қадағалаудан елеулі ескертулер түскен жоқ», – дейді «СЕРВИССТАЛЬ» ЖШС директоры Ербол Шәкібаев.
Мердігер ұйым басшысының айтуынша, жаңғыртылған вокзалда келушілерге арналған заманауи әжетханалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы санитарлық тораптар және ана мен бала бөлмесі пайда болған. Осы жылы да перронды жөндеу және аумақты абаттандыру жалғасады. Жағалық перрон 540 метрге ұзартылады, жаңа 320 метрлік перрон салынады. Ол жұмыстар шілде айында аяқталмақ.
Аманқарағай вокзалында 1981 жылы алғаш жұмысқа тұрып, сол жерден құрметті зейнет жасына шыққан Қазиза Құсайынова жылы лезібін білдірді.

«Алғаш жұмысымды осы жерден бастап едім. Осылайша отыз жылдан аса қызмет істеп, 2011 жылы зейнет жасына шықтым. Өздеріңіз білесіздер, ғимарат осы уақытқа дейін жөндеуді қажет етіп келіп еді. Енді міне, толық жаңғыртылып отыр. Жұмысты атқарған азаматтарға, облыс әкіміне алғыс айтамын. Бұл халыққа ең қажетті ғимараттың бірі. Бүгінде, жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгерді. Қосымша келушілерге жағдай да жасалды. Ауданымыз осылай дами берсін», – дейді теміржол саласының ардагері Қазиза Құсайынова.
Теміржол – ел дамуының маңызды тіректерінің бірі. Аманқарағай вокзалының жаңғыртылуы – өңір инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты қадам.

Бұл жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
