Федоровтағы сүт-тауар фермасы бір күнде 12 тонна өнім береді

Федоровтағы сүт-тауар фермасы бір күнде 12 тонна өнім береді

Федоров ауданына қарасты Чехов ауылында орналасқан «Олжа Алтын-Инвест» ЖШС базасындағы 1200 бас ірі қараға арналған заманауи сүт-тауар фермасы бүгінде табысты әрі тұрақты жұмыс істеп келеді. Жоғары технологиямен жабдықталған кәсіпорын сапалы өнім өндіруге бағытталып, өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосуда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен өңірдің бірнеше ауданында заманауи сүт-тауарлы фермалар ашылып, жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Федоров ауданында қолға алынған бұл жоба да ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін, өңір экономикасы үшін аса маңызды бастама. Аталған жоба ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, облыстағы сүт өндірісінің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жобаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, фермаларда сиыр сауу жұмыстары басталды. Жоба алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін бермек.

Ферманың бірінші кезеңі 600 бас ірі қараға арналған. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан өткен жылдың шілде айында пайдалануға берілді. Бүгінде барлық қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, орнатылған. Шаруашылыққа голштино-фриз тұқымды 677 бас ірі қара әкелінді. Голштино-фриз (Holstein-Friesian) – әлемдегі ең танымал сүтті сиыр тұқымдарының бірі. Бұл тұқым жоғары сүт өнімділігімен ерекшеленеді және көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да кеңінен өсіріледі. Сүтінің майлылығы 3-4 пайызды құрайды, ал мол көлемде алынуы оны сүт өңдеу өнеркәсібі үшін аса тиімді етеді. Қазіргі таңда сүт өндіру процесі тұрақты жолға қойылған. Фермада шведтің «DeLaval» компаниясының заманауи «Параллель» үлгісіндегі сауу қондырғылары табысты жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде тәулігіне орта есеппен 12 тоннаға дейін сапалы сүт өндіріледі.

Екінші кезеңнің жер жұмыстары бүгінгі таңда толықтай тігінен жоспарланып бітті. Қаржыландырудың уақытша шектеулері себепті, ферма құрылысының екінші кезеңін толық пайдалануға беру мерзімі 2026 жылдың төртінші тоқсанына шегерілді. Дегенмен, жоба іске қосылған кезде өңірде сүт өндірісі айтарлықтай өсіп, жаңа жұмыс орындары пайда болады деп күтілуде.

Федоров ауданы