Бесіктің қадірін ұмытпайық

Бесіктің қадірін ұмытпайық

«Қостанай таңы» газетінің оқырманымын. Онда көп жаңалықтарды, өнегелі әңгімелерді жазады. Бірақ көбі газетке жазылмайды. Мен тұратын көшеде көбі қазақтар, бірақ газетке жазылмайды да, алмайды да екен. «Күнде теледидардан көрсетеді, сосын жазылмаймыз» деп сылтау айтатындар бар. «Мүлде жазылмаймыз дейтіндер» де бар. Ал өзім күнде қонақ күткендей күтіп отырамын. Пошта жәшігін ашып, бар болса қуанып, ала сала далада да тұрып оқимын. Айтпағым бұл емес, газет оқыса да, жазылса да әркімнің өз еркі. Менің айтарым, соңғы нөмірлерде бесік туралы жазылып, оның қандай қасиеті бар екенін  жазған екен.  Мен де бесікті қастерлеймін. Жас күнімізде балалы болдық. Бірақ бесікке салуды білмедік. Ол кезде 1970-80 жылдары арбаға салып өсірдік. Бала мазаң, қолда сиыр, уақ мал бар. Жолдасым мал дәрігері. Таңертең кетеді, кешке жұмыстан келеді деген сияқты. Үйде жалғызбын. Ауылда тұрған соң қораға шығу, пеш жағу, тамақ пісіру, бәрі әйелдің мойнына артылған. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, кеңседе ғана телефон болады. Тек хат арқылы хабарласасың, ал хат кешігіп келеді дегендей. Жолдасым мен босанғанда поштадан анама «Сүйінші! Күнтай босанып, ұл туды» деп телеграмма (жеделхат) жіберген ғой.

Ана шыдай ма, сонау Меңдіқарадан (Боровское), одан 25 шақырым Шиелі деген ауылдан артынып-тартынып келді. Әйтеуір ол кезде үш мезгіл автобус жүреді ауылға. Одан тағы Қостанайға билет алады, одан Әулиекөлден біз тұратын ауылға келу керек.

Менің халімді көріп, анам бір жеті менің жанымда болды. Баланы суға түсіріп, көмектесіп дегендей. Сонда анам: «Өзің жалғызсың, бала қол байлайды, бесікке салу керек, бесікте бала тыныш ұйықтайды, дені сау, аяқтары түзу болады. Әрі өзіңе де тыныш болады», – деді. Балалары, немерелері өсіп кеткендерден сұрау керек, ауыл ғой. «Мен төбеге қағып қоятын бесікте жатқам, бесікте байланғасын кеудесін қысады» деп күйеуім қарсы болды.

Анам: «қазақтың батырлары да, ақындары да бесікте жатып өскен, мен қызымды аямаймын, бесік ізде, мен жата бермеймін, кетем үйіме», – деді.

Содан өзінің құрдасы әрі бір кеңседе істеген Амантайдан сұрапты. Бұл тұқым өскен тұқым деп естігем. Оның әжесі Рым деген кісінің өзі жатқан бесігі бар екен. Содан ол кісі 80-ге жақындаған кісі. Қимылы ширақ. Келінінің өзі әже, немерелері бар екен. Сол бесікте өзі, балалары, немере-шөберелері жатыпты. Ол әжеге әкесі Торғайдың талынан өзі істеген екен.

Жұрттың бәрі таң қалды, ол не қылып берді, өзінің туған сіңілісіне де бермеп еді, енді сендердің тұқымдарың көбейер дейтін. Бұл кісілерді Әулиекөл ауданының көбі біледі, құрметтейді. Немере келіні Мәрзиямен мектепте бірге істедім. Өнегелі әулет, жас отбасылар нағыз үлгі алатындай, Амантай әжесіне айтып, бесікті бергізіп, әкелді.

Анам қуанып, бесікті аластап, баланы салып, маған қалай бөлеу керек екенін көрсетіп, түсіндіріп, көңілі орнына түсіп, еліне қайтты. Сол әженің бесігін келесі жолы тағы алдық. Келесі бала туып, сонымен екі баламды да Рым әженің бесігінде бөледім. Содан кейін анам бір бесік істетіп, әкеп берді. «Әркімнен алғанша, өзіңде болсын» деп. Сол бесікте екі баладан кейінге туған перзенттерім, немерлерім де жатып өсті.

Алдыңғы жылы бір көршім басқа жаққа көшейін деп жатқан. Нәрселерін буып-түйіп, албарға дайындап қойыпты. «Көш қайырлы болсын» деп айтуға келгенмін. Дәл ортада ағаштан жасалған бесік тұр. Бесікті жатқан адам да, әйелі де жүр екен. «Қоқысқа бесікті лақтырып жібер дедім» деді әйелі. Ескі бесікті ешкім қазір керек етпейді. Мен өзімше ақылымды, естіген-көргенімді айттым: «Бесік киелі, оны қазақ, қырғыз ерекше құрметтейді. Лақтыруға, жағуға болмайды, алған үйлерің жер үй болса, шатырына апарып қойыңдар. Өзің істеген бесік, балаларың жатты. Онда ырымға жаман болады», – дедім. Олар әрі өте кәрі емес, оқыған адамдар болатын. Осы жазғанымды оқыса өздері түсінер.

Бір жылдары су тасқыны болғанда, қай жердікі екені есімде жоқ, ер адам бесікті көтеріп алып шықты ауласынан. Немерелеріне деп істеткен бесік екен. Аласыз ба деді, алам дедім. Ағаштан істелген, шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Бүкіл әбзелімен даяр (мамығы, жастығы, шүмегі, т.б.). Әйелі көтерісіп әкеп берді. Сол бесікті, темір бесікті бәрін жинап, жауып қойып, сақтап жүрмін. Қазір ауылда жастар тұрғысы келмейді. Көбі қалаға көшіп кетті. Бала туу аз, 1-2 баладан аспайды. Үш жылға дейін демалыстары бар, баланы, арбаға салады. Қолда ұстап жүреді.

Бесікке салуға балаларым да, келіндерім де қарсы болмады. Салды, үйренді, өздеріне ыңғайлы болды. Көп үлкен әжелер бесіктің қадірін түсіндіру керек. Қазақтар көшпелі халық болғанда да бесігін тастамаған екен. Менің жас келіндерге айтарым осы. Бесіктің қадірін ұмытпаңдар!

Күнтай НҰҒЫМАНОВА,

зейнеткер ұстаз

Қостанай ауданы,

Заречный ауылы