Ыбырай музейінде бірнеше бүлдіршіннің тұсауы кесілді

Ыбырай музейінде бірнеше бүлдіршіннің тұсауы кесілді

Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі қабырғасында бұрын-соңды болмаған бұл ерекше әрі жүрекке жылу сыйлаған тағылымды іс-шараға өңірдің игі жақсылары жиналды. Көпшіліктің есінде қаларлық рухани мерекеге айналды.

Ерекше бастама Қостанай облысы Әйелдер күштері Альянсы тарапынан қолға алынып, Қостанай облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қолдау тапты. Ал іс-шараның дәл осы музейде өтуінің өзіндік терең мәні бар. Биыл ұлы ағартушы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл. Бар ғұмырын қазақ баласының білім алуына арнаған ұстаздың «Кел, балалар, оқылық!» деген ұлағатты үні бүгін де жаңғырып тұрғандай. Наурызбен бірге келген жылқы жылында тұсауы кесілген бүлдіршіндер құлындай құлдыраңдап, өмір бәйгесінде сүрінбей, нық қадам бассын деген ақ тілектер айтылды.

Алғашқы болып Богдан есімді бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Бұл құрметті міндет профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Сейітбек Қуанышбаевқа жүктелді. Көпбалалы Величко отбасында тәрбиеленіп жатқан Богдан болашақта білімге құштар, парасаты биік азамат болсын деген ырым болар.

Келесі кезекте Аврора есімді кішкентай қыздың тұсауын Қостанай облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Ирина Аронова кесті. Көпұлтты отбасында дүниеге келген Аврора алты баланың кенжесі. Ал Айхан мен Айбар есімді егіздердің тұсауын кесу үшін ортаға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов шықты. Жас отбасының тұңғыш перзенттерін атасы Төленді мен анасы жетектеп шықты.

Тұсауы кесілген тағы бір бүлдіршіннің есімі жай емес, Біржан. Оның тұсауын «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Сергей Могилатов кесті. Танабаевтар әулеті осыдан бес жыл бұрын Өзбекстан жерінен елге оралған қандастар. Біржанның ата-анасы қарапайым еңбек адамдары. Кішкентай Біржан тұсауы кесіле сала жүгіріп кетті.

blank blank blank blank

Қуанышты сәтте балақандарға аузы дуалы ел ағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов ақ батасын беріп, бүлдіршіндердің жолы ашық, қадамы нық болсын деп тілек тіледі.

Осындай тағылымды сәттер ұлттың рухани тамырын тереңдетіп, дәстүр мен тәрбиені ұштастырады. Тұсауы кесілген бала – тек отбасының ғана емес, тұтас елдің үміті. Ал сол үмітті ұлықтай білген қоғамның болашағы да жарқын болмақ.

      Айтолқын АЙҚАДАМОВА