Ахуал бақылауда. Өңір басшысы су тасқынына қарсы шаралар туралы ақпарат берді

Ахуал бақылауда. Өңір басшысы су тасқынына қарсы шаралар туралы ақпарат берді

Тасқын қаупі артатын кезең өңірде қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Бұл биылғы тас-түйін дайындықтың және қолайлырақ табиғи фактордың арқасы. Көптеген елді мекенде қардың көбі еріп кеткен. Су қоймаларына да төніп тұрған қауіп жоқ. Өңірдегі жалпы ахуал туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімет берді.

Осыдан екі жыл бұрын алапат тасқыннан облыстың оңтүстік өңірлері қатты зардап шеккені мәлім. Сол жағдай қайталанбас үшін барлау, бақылау жұмысы мерзімнен ерте басталып, ұдайы қадағаланып отыр. Бірақ, облыс әкімінің айтуынша, биыл Арқалық, Амангелді, Жангелдин аумақтарына тасқын-сел қаупі төніп тұрған жоқ. Өйткені 2024 жылы қызыл су көп көлемде лықсып келген Ұлытау облысында қар еріп бітуге таяу қалған. Ал Торғай өңірінің өзінде қалың қардың 90 пайыздан артығы еріп кетті делініп отыр. Қазір су тасқыны ықтималдығы облыстың солтүстік өңірлерінде әзірге жоғарырақ.

            «Солтүстік аудандарда шамамен 30-40 пайыз қар бар. Сондықтан белгілі бір деңгейде қауіп-қатер де жоқ емес. Табиғаттың тосын мінезіне тас-түйін дайын отырмыз. Сақтық шараларын үздіксіз жүргізіп жатырмыз. Мәселен, қауіп аймағындағы Қарасу ауданында екі ауыл – Новоселов және Қарамырза жіті бақылауымызда. Қазір осы елді мекендерді  қоршау жұмысы жалғасып жатыр. Мақсат – қандай жағдайда да ауыл ішіне су өткізбеу», – дейді Құмар Ақсақалов.

Облыс басшысы кеше Мичуринде болған жағдайды сөз етті. Оның пікірінше, қар суы осы елді мекен сыртын айналып, үнемі бір арнамен ағып, көлем көбейе түскен соң ауыл арқылы өтетін жаңа «із» тауып алған. Шұғыл әрекет ету арқасында оқыс жағдайдың алды алынды. Ауылдағы трасса екі көшеде үш жерден жырылып, қарғын су жол бойлай ағып кетті.

            «Қазір ол жер құрғап та үлгерді, – дейді өңір басшысы. – Біз осыдан соң ауылға кірген арнаның жоғары жағына барлау жасадық. Су қай жерден бастау алуы мүмкін екенін тексердік. Бірақ ол әзірге анық болмай отыр. Әрине, сай-жыраларда, орман алқаптарының етегінде белгілі бір ауқымда қар бар. Олардың қалай ертитінін, қай бағытпен ағатынын бақылаймыз».

Қазір көктем сайын қиындыққа тап болатын елді мекендердің, жеке тұрғын алаптарының бәрінде жұмыс қайнап жатыр. Қорғаныс күшейіп, су сору жұмыстары жалғасу үстінде. Мәселен, Қостанай-2 облыс орталығы іргесіндегі әр жылы әбігерге түсетін аудан-тын. Ол жақта шамамен 400 үй бар. Көп баспананы жыл сайын су басатын. Бірақ соңғы екі жылда жағдай өзгерді. Жаңадан су өткізу нысаны салынып, тұрғындардың көзі ашылды. Оның үстіне еріктілер,  академия курсаттары, құтқарушылар жасағы жабылып, аулаларды көктем туа салысымен қардан тазалап шығады. Нәтижесінде былтыр да, биыл да бір де бір шағым түскен жоқ. Ол жерде штаб ұйымдастырылды. Арнаулы жасақ мотопомпамен, барлық қажетті құрылғымен қауіпсіздікті күзетті. Жүгіне келген мұқтаж жандарға дер шағында жәрдемдесті.

            «Мұндай жұмыс Арқалықта да жүргізілді. Родина, Северный кенттерінде екі жыл бойы жеке секторда жұмыла қар аршу әдетке айналды. Биыл қар былтырғыдан көбірек болды. Сондықтан жобамен 800 үйдің маңын жедел түрде тазалау керек болды. Қазір күн сайын қала әкімінен ақпарат алып отырамын. Жағдай бір қалыпты. Ол жақта күрекке ілігер қар да аз қалды деуге болады. Бастысы, бір де бір үйге су кірген жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз да сол», – деп мәлімдеді облыс басшысы.

Ал облыс орталығында, Тобыл өзенінен келетін қатер жоқ дей беруге болады. Өйткені сырттан алдыңғы жылдағыдай мол су келеді деген болжам жоқ. Бүгінде су қоймаларының толымдылығы 69% деңгейінде. 2024 жылы жойқын тасқын кезінде Қаратомар су қоймасынан секундына 3300 текше метр су жіберілгені есімізде. Ал қазір ағызылып жатқан су көлемі – небары 3 м/с. Биыл жоғарғы көршімізден айтарлық су түспейді деген жорамал бар. Қазір, керісінше, қойманың қорын көбейту үшін қымтап ұсталып отыр.

            «Болжамымыз бойынша, өзенге және су қоймаларына жан-жақтан 200 млн текшеге дейін жайылма қар суы құйылуы мүмкін. Ал қойманың қазіргі қалпы осы көлемді толық қабылдай алады. Сондықтан біз су ағызуды тоқтата бастадық. Су қорын жазға сақтауымыз керек. Ол ауыз суға, шаруашылыққа және басқа да мұқтаждықтарға қажет болады», – дейді Құмар Іргебайұлы.

Биыл, бір жақсысы, жердің қарғын суды сіңіруі де тәуір болып тұр. Бұл – күзде тоңның қалың түспеуінің арқасы. Ал тоң терең болса, жағдайдың қалай ушығарын екі жыл бұрынғы жағдай көрсетіп берген. Демек, осы жылы жер-ананың жіпсуі де зор демеу. Мысалы, кеше Әудиекөл ауданының Диев ауылында метеопост 26 см судың жерге сіңіп кеткенін анықтаған. Жалпы, қазір су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтіп жатыр. Өңір басшысы ахуал ауаны қалай болатынын 3-4 күннен кейін толық болжай беруге болатынын айтады.

Қазір күн жайы кейінгі жылдармен салыстырғанда өте жылы болып тұр.  Ал өңір басшысы көктемнің тым ерте шығуы да аса қолайлы емесін айтады. Бәрі өз уақытымен болуы керек. Өйткені алда егіс жұмыстары тұр. Ол басталғанша жер құрғап қалмауы шарт.  Әйтпесе ол топырақты ылғалдандыру үшін қосымша операция жүргізуге мәжбүр етеді. Бір емес, бірнеше рет  қайталауға тура келуі де мүмкін. Климат өзгерісіне де мойынсұнып, соған бейімделу де қажет. Бірақ бүгінгі басты мәселе – тасқын кезеңінен аман өту, табиғаттың тосын мінезіне тегеурін таныту.

Ж.Балғынбекұлы

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ