Мемлекеттің тұрақты дамуы білімді, білікті әрі бастамашыл азаматтардың әлеуетіне тікелей байланысты. Жастарға сапалы білім алып, кәсіби қабілетін шыңдауға және өз мүмкіндіктерін іске асыруға жағдай жасау — ел болашағына салынған инвестиция.
Бұл бағыт Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған адам әлеуетін дамыту, білім мен ғылымды қолдау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ұстанымдарымен сабақтасады.
Осы мақсатта Қостанай облысында жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, олардың кәсіби қалыптасуына және мансаптық өсуіне мүмкіндік беретін тетіктер жетілдіріліп келеді. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері үшін жұмысқа орналасудың жаңа жолдары ашылып, конкурстық іріктеу рәсімдері цифрлық форматқа көшірілуде.
Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтар, заңнамаға енгізілген өзгерістер және өңірдегі кадрлық жұмыстың нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті өткізген брифингте айтылды.
Қазіргі уақытта облыстың мемлекеттік органдарында бес мыңға жуық қызметші еңбек етеді. Олардың 1 285-і — 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар өңірде 421 бос мемлекеттік лауазым бар. Бұл — мемлекеттік басқару саласында еңбек жолын бастағысы келетін жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді.
Департамент басшысының міндетін атқарушы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мэлс Абдрахмановтың айтуынша, мемлекеттік қызметке білімді, бастамашыл және кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылатын жастарды тарту маңызды. Жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер тәжірибе жинақтап, алған білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, мансаптық дамуға қадам жасай алады.
Цифрландыру — ашықтық пен қолжетімділіктің кепілі
Мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін жетілдіруде цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында Қостанай облысында мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін 2 672 конкурс жарияланған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1 407 конкурсты құраған.
Конкурстардың қорытындысы бойынша шамамен 760 адам қызметке тағайындалды. Олардың 382-сі бастапқы лауазымдарға орналасты. Жалпы конкурстарға қатысушылардың жартысына жуығы — 35 жасқа дейінгі азаматтар.
«Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы іріктеу рәсімдерін цифрлық форматта өткізу конкурстық кезеңдердің мерзімін 30 жұмыс күнінен жеті жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Қашықтан қатысу форматы үміткерлердің тұрғылықты жеріне қарамастан конкурсқа қатысуына жағдай жасайды.
Бұл әсіресе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде тұратын жастар үшін маңызды. Олар қажетті ақпаратты онлайн алып, құжаттарын электронды түрде тапсыра алады. Осылайша, мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі неғұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы бола түседі.
