Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде кезекті Жолдауында жария етті.
Президент алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән берілетінін айта келіп, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңызды екеніне екпін салды.
«Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының айтуынша, жалақының ең төменгі мөлшері кезең-кезеңімен көбейе бермек.
«Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

