Шілденің шіліңгір күндері өңір тарихында алғаш рет «Тылсым Торғайға тур» блог-туры аясында он адамнан құралған саяхатшылар тобы жолға шықты. «Бізге Торғай барда, Дубай қажет емес!» деп ұрандатқан туристер Арқалық қаласы мен Аманкелді және Жанкелдин аудандарының аумақтарында болды.
Қазақстанда баруға тұрарлық бірегей орындар жеткілікті. Елде бірнеше этнотур жұмыс істейді. Соның арқасында туристер демалып қана қоймай, өз тарихы туралы біліп, ежелгі өркениет атмосферасына ене алады. Тур барысында топ құрамындағы шығармашылық өкілдері — блогер, фотограф, қазақ мәдениетін зерттеуші, ютуб арна жүргізушісі мен журналистер өңір тарихын зерделеп, сәулет ескерткіштерінде, музейлерде, көрікті жерлерде болды. Атап айтқанда, журналист, зерттеуші Болатбек Қожан, «Қасқа жол» ютуб арнасының жүргізушісі, тележүргізуші, блогер Жамбыл Зейнуллин, қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттаушы, блогер Дастан Әбіш, фотограф Арман Байсадықов, журналист Қалима Тәжіқұл, журналист, Торғай тарихын зерттеуші Анар Төлеухан, «Тылсым Торғайға тур» тревел-блогер Амандық Әмірхамзин, «Тылсым Торғайға тур», саяхатшы, гид Жәнібек Қорғанұлы, Аманкелді ауданы әкімдігінің туризм жөніндегі әдіскері Қайрат Жылқыбайұлы, «Тілеп продакшн» саяхат жөніндегі орынбасары Жайсан Смағұлұлы бар.
Бізге орайы келгенде осы турдың ұйымдастырушыларының бірі Амандық Әмірхамзиннен сыр тартудың сәті түскен еді.
«Өзге өңірлерге жиі саяхаттаймын, шақырушылар: «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп сән-салтанатын көрсетеді. Сонда: «біздің Қостанай облысына бір мықты блог-тур ұйымдастырсақ» деп армандайтынмын. Оған да бес жыл болды. Қостанай облыстық туризм бөлімі түбі қолға алар деп үміттенемін. Дегенмен, құр қарап жатқан ол да болмас. Сонымен, жақында Сапар Ысқақов пен Жомарт Түбекбаев ағаларымыз Торғайдың Ұлытаумен шекаралас аймағына экспедиция ұйымдастырған еді. Оның ішінде інім Жәнібек те болды. Сол саяхатта Сапар ағамен жақын танысып, Торғай туризмі туралы сөз болған екен. Кейін, бірнеше рет жолығып, әуелі өңірімізді таныту үшін басқа аймақтардың туризмге қатысы бар азаматтарын шақыру қажет деген пікірімді тағы айттым. Сапар аға қолдап, жәрдемін берді. Қонақ үй дайын, көлік бар, көрем десе «Тәж Торғай» кешені әне тұр»деді дархан көңілді ағамыз», — дейді тревал-блогер Амандық Қорғанұлы.
Туристік турларды ұйымдастыру идеясы қайдан келді? Амандық –Торғай өңірінің тумасы. Ол сонау 90-шы жылдардың соңында отбасымен бірге елордамыз Астанаға қоныс аударды. Алайда туған топырақ, дала тыныштық бермей күндіз ойынан, түнде түсінен кетпей қойды. Әкесі Қорған ақсақал да балаларына туған аймақты ұмытпауларын өсиет еткен еді. Әке ақылымен шаруа қожалығы құрылды. Амандықтың ағалары Талғат пен Мағжан туған жерге қомақты қаражат бөліп, Көкалат ауылының аз қамтылған тұрғындарына көмек қолын созды. Осылайша, аталары, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде жазғанындай, ағайындыларға жерлестерге көмектесу миссияға айналды. 
«Туризмге келетін болсақ, барлығы өте қарапайым. ҚР туристік саласын дамыту тұжырымдамасында 7 негізгі туристік кластер көрсетілген. Бірақ онда Қостанай облысы, оның ішінде Торғай өңірі ұсынылмаған. Менде, тиісінше, сұрақ туындады: неге бұл тұжырымдамада біздің аймақ жоқ?! Түсінгенім, аймақ жайлы ақпарат жоқ немесе жеткіліксіз. Әйтпесе, туристерге көрсететін көп нәрсе бар. Торғай өңірі аумағы бойынша облыстың жартысынан астам көлемін алып жатыр. Көптеген адамдар бұл аймақтың қаншалықты бай рухани мұрасы бар екенін білмейді. «Торғай геоглифтері», мемлекеттік табиғи «Алтын Дала» резерваты, жерасты бұлақтары мен Ақкөл, Сарықопа көлдері туристердің қызығушылығын оятарына шүбә келтіруге болмайды. Сонымен қатар, бірқатар тарихи-өлкетану музейлері мен сәулетті ескерткіштер бар. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Аманкелді Иманов, Шақшақ Жәнібек Тархан музейлері, Кейкі батыр, Құтан әулие, Сатыпалды ишан кешендері, Екідің салттық ғимараты (VII-IX ғғ.), Құмкешу құмдары осы аймақтың негізгі күретамыры іспетті. Қасиетті Ұлытау тауларынан бастау алатын Торғай және Ұлы Жыланшық өзендері және т.б табиғаты тамаша жерлер жетіп артылады», — деп әңгімесін сүйсіне сабақтайды өңірдің төл тумасы Амандық бауырымыз.
Негізінен, «Тылсым Торғайға тур» сапары 5-6 күнді құрайды. Туристер Астанадан пойызбен таңертең Арқалыққа келеді. Сол күні жолға шығады. Алдымен, «Арқалық-Торғай» тас жолының бойындағы «Кейкі батыр» кешеніне, одан кейін Торғай геоглифтерінің «Үштоғай» мүйісіне барады. Атап өтсек, бірінші бағыт – «ата-баба ізімен» – яғни, рухани мұра, екіншісі-резерватқа бару, үшіншісі — геоглифтер, төртінші-гастрономиялық тур, бесінші-кешегі өткен ел тарихы мен өмір-тынысын бағамдау.
Торғай геоглифтеріне ұқсас белгілер әлемде сирек. Туристер Торғай геоглифтері мен тарихи ескерткіштері Қазақстанның киелі картасының тізіміне енеді деген сенімде. Амандық ініміз бен қолдаушылары туристерді қызықтыру үшін өз қаражаттарын салудан да тартынбайды.
«Біз келешекте киелі Торғай топырағына туристерді көптеп тартамыз деген үміттеміз. Әзірше, орташа алғанда туристер құрамы бір турға 10 адамнан аспайды. Өйткені, біз оларды көлікпен, тамақпен, жайлы жатын орынмен қамтамасыз етуіміз керек. Бір турдың құны небары 85 мың теңгені құрайды.Біз бұдан пайда табуды ойламаймыз. Бизнестің осы бағытын дамыту үшін уақыт қажет екенін жақсы түсінеміз. Алдымен, біз тек туған жерге деген ынта мен сүйіспеншілікпен жұмыс істейміз. Біздің турға деген қызығушылық отандастарымыздың тарапынан жиі көрінеді. Көбісі, қалалық қарбалас тірліктен үзіліс жасап, дала еркіндігіне енгісі келеді. Ел тарихына қызығушылық танытатындар да көптеп саналады. Сондықтан, бізге өлкемізді жалпы танымал ету көбірек қажет. Біз осы мақсатта Қостанай облысының тұңғыш қазақ тілді және тәуелсіз «Tobyl-Torgai.kz» сайтын құрдық. Біз туған өлкені, тарих пен географияны зерттеумен ғана шектелмей, сонымен қатар тұрғындардың күнделікті өмірі туралы жазуға көп көңіл бөлеміз», — деп ой түйеді отаншыл азамат Амандық Әмірхамзин.
Шын мәнінде, өңірде туризмнің әлеуеті өте жоғары. Мысалы, американдық сарапшылар зерттеулер жүргізіп, «Торғай геоглифтері» есебінен ғана жыл сайын қыруар қаржы табуға болады деген тұжырымға келді. Яғни, елжанды перзенттер өз аймағының дамуына көмектесе алады. Өйткені, туристік тур-бұл әлеуметтік жоба. Бұл деген сөз жергілікті бюджетті толықтыру, қосымша жұмыс орындарын ашу, экологиялық таза өнімдерді сату сынды көптеген пайдалы істің өрбуіне тікелей ықпал етеді. Бір турист бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Туристерге қажеті — ең алдымен инфрақұрылымның жақсы болуы. Жақсы жолдар, жайлы қонақ үйлер, түрлі қызмет көрсететін кемпингтер қажет.
«Мұның бәрін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады. Яғни, туристерге дамыған, жетілген ыңғайлылық қажет. Бұған ішкі туристерді де тарту керек», — деп ой түйеді туристер қауымы.


Сөз соңында туристер сапарларына қолдау білдірген Арқалық қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Маратұлына, Жанкелдин ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ботагөз Еркебайқызына, қызметкері Әсетке және қонақжайлылықтың ерен үлгісін көрсеткен, Торғай тағамдарынын дәм татқызған арқалықтық «DiamondFood» дәмханасының иесі Олжас бауырымызға және Шұбалаң ауылындағы Алпыс Ражанов ағамызға ерекше алғыстарын айтады. Сондай-ақ, белгілі кәсіпкер, меценат, «Тәж Торғай» кешенінің иесі Сапар Ысқақов ағамызға, Ғалия қарындасымыз бастаған «Бразилия» қонақ үйі мен «Альгамбра» мейрамханасы ұжымдарының жұмысына табыс тілейді.

Біз де өз тарапымыздан елімізде туризмнің дамуына, туған жердің түлеуіне, өңірлердің гүлденуіне өзіндік үлес қосып жұрген азаматтарға әр қадамдарыңыз құтты, сапарларыңыз сәтті болсын дейміз.
Суреттерді түсірген – Арман Байсадықов
Арқалық-Аманкелді-Торғай
