Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жүлдегерлерін марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Өнегелі өмірімен көпке үлгі болып жүрген отбасыларға құрмет көрсетілді.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған отбасылар Арқалық қаласы әкімінің арнайы марапаттарына ие болды. Сонымен қатар, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасыларға қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Көпбалалы аналарға мемлекеттік «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табысталып, олардың ел демографиясы мен отбасы институтын нығайтудағы елеулі еңбегі ерекше құрметпен аталып өтті.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды Оразалиндер отбасы, Ерғалиевтер отбасы және Абуовтер отбасы, екінші орынды Биекиндер әулеті иеленді.
Ал, ұлттық байқауы қалалық кезеңінің жеңімпазы І орын иегері болып ұрпақтар сабақтастығын, еңбекқорлықты және ұлттық құндылықтарды берік ұстанған өнегелі әулет – Жиенбаевтар әулеті танылды.
Бұл әулеттің алтын діңгегі – Арқалық қаласының Құрметті азаматы, «Жыл адамы» – Қайырден Тұрсынбекұлының өнегелі өмір жолы. Бүгінде әулет бірнеше буынды біріктіріп, үлкенге құрмет пен кішіге ізет дәстүрін сақтап келеді. Отбасының тірегі Қайрат Қайырденұлы – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған еңбек адамы. ЖұбайыСамал Асқарқызы – білім саласында үздік жетістіктерімен танылған ұлағатты ұстаз.
Бұл шаңырақта төрт ұрпақтың сабақтастығы жалғасып, 4 бала, 10 немере, 10 шөбере тәрбиеленіп келеді. Балалары білімде, спортта және өнерде жетістіктерге жетіп, әулет абыройын асқақтатуда. Жиенбаевтар әулетінің басты құндылығы – бірлік, татулық, адал еңбек және ұлттық тәрбие.

Мемлекет басшысының Жарлығымен «Алтын алқа» Какенова Жансая Маратқызына, Қарасартова Гүлзат Маратқызына, Сапабекова Айгүл Корғанбекқызына, «Күміс алқа» Жанбаева Ардақ Тұяққызына, Манарбекова Нұргүл Мұратбекқызына, Түсіпбекова Әсия Кабдусәлімқызына табысталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
