Мемлекеттен 1,5 миллион теңге грантын қалай алуға болады?

Мемлекеттен 1,5 миллион теңге грантын қалай алуға болады?

11 тамыздан бастап екінші лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш қабылдау басталады. Гранттың мөлшері – 400 АЕК (1 572 800 тенге). Мұны қалай алуға болатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері түсіндіріп берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Екінші лекте 4 873 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту.

Өтініш беру үшін мына қадамдарды жасау қажет:

  • business.enbek.kz порталында тіркелу;
  • Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексерістен өту;
  • Бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге болады.

Грант алу үшін бірнеше шартты сақтау қажет:

Грант алуға:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.

Үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қандас мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көп балалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
  • асыраушысынан айырылғанына байланысты жәрдемақы алушылар.

Нені ескеру керек?

  • Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуға тиіс;
  • Грантты қажет құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, құс, көшеттер, бұталар, тұқымдар сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады;
  • Грант кредитті өтеуге, тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Сурет: opennews.kz