Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы аудандарда жұмысшы мамандықтарын қолдау және дамыту тұрғысында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Елде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кадрларды даярлау, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту бойынша бірқатар шара әзірленді, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасы қабылданды.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Давлетпаевтың айтуынша, жақында жүргізілген кадрларға қажеттілік бойынша сауалнама агроөнеркәсіптік кешен саласында мамандарға жоғары сұранысты анықтады. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені шешуге белсенді ықпал етіп, бизнес пен оқу орындары арасындағы диалогты өз алаңында және облыс аудандарында ұйымдастыруда.
Мысалы, Қарабалық кентінде орналасқан Қазақстандық агротехникалық колледж мамандарды кең ауқымды бағыттар бойынша даярлау үстінде. Биылғы оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде «Есеп және аудит», «Агрономия» мамандықтары бойынша қабылдау қайта жанданды.
Техник-механиктер тобы жұмысшы кадрларды даярлау бағдарламасы бойынша ТжКБ базасында қабылданып, олар екі жыл ішінде тегін оқып, орта буын маманы ретінде техник-механик біліктілігін ала алады. Колледж базасы сондай-ақ түлектерге техник-электрик біліктілігін бере отырып, электрмен жабдықтау саласында да орта буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.
Жұмысшы кадрларды даярлаудағы жаңашылдықтардың бірі – екі жыл бұрын «Ветеринария» мамандығы бойынша студенттерді қабылдау басталды. Биылғы жазда Қазақстандық агротехникалық колледждің алғашқы түлектері еңбек нарығына шығып, жануарларды ветеринарлық өңдеу операторлары біліктілігін алады.
Колледжде ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу шеберлері, электромонтерлер, аспаздар, автомобиль электр жабдықтарын жөндеу электриктері даярлануда. Биыл колледж 106 студентті бітіруді жоспарлап отыр. Өндірістік тәжірибеден өткеннен кейін түлектердің жартысын аудан кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру бойынша алдын ала келісімдер жасалған.
Бүгінде колледжде 337 студент білім алуда. Олардың басым бөлігі – 212 студент – жұмысшы мамандықтар топтарында, ал 116 студент – орта буын мамандарын даярлау топтарында оқып жатыр.
Гүлназ Өмірзақ,
ҚӨУ студенті