Көп адамға ауыр жүк көлігінің жүргізушісі дегенде, ер адам ойға келетін болар. Алайда, бұл қағиданы бұзып, өз кәсібінде ерлерден кем емес жұмыс істеген, әрі істеп жүрген әйелдер де бар. Мақала жазар кезде, кейіпкермен сұхбаттасып болған соң, менің ойыма бірден даңқты механизатор, Социалистік Еңбек Ері – Кәмшат Дөненбаева оралады.
Бұл жолғы кейіпкерімді де Кәмшат апаның ізбасарындай, жалғасындай көрдім. Мақалаға арқау болғалы тұрған кейіпкер Любовь Бабашева «Қашар кенінде» Hitachi-EH 4000 жүк көлігін жүргізеді. Ерекше айта кететіні, ол кәсіпорын тарихында алғаш 220 тонналық ауыр көлікті тізгіндеген әйел адам.
Любовь Бабашева бұған дейін «Рудный Водоканал» ЖШС-де сорғы қондырғыларының машинисті болып жұмыс істеген. Сонымен қатар, такси жүргізушісі ретінде қосымша табыс тапқан.
«Бірде такси қызметінде жүргенде, бір адам тапсырыс берді. Барлығы осы жерден басталды. Ол кісі кәсіпорындағы автокөлік цехының бастығы Мақсат Қаламбаев екен. Мақсат Нұрғалиұлы менің көлікті ұқыпты жүргізетінімді аңғарып, жүк көлігін жүргізуге деген ниетімді сұрап, ұсынысын білдірді. Осылайша, менің ерекше кәсіби жолым басталды десем де болады. Алғашында маған өндірістік бөлім қызметкерлерін тасуға «Нива Шевролет» автокөлігі берілген. Бір жылдай сол көлікпен жүрдім. Кейін, «КамАЗ-33081» көлігіне ауыстым. Рудный корпоративтік университетінде Hitachi EH-3500 және EH-4000 ауыр жүк көтергіштерін басқаруды үйрендім», – дейді алып техниканы бағындырған Любовь Бабашева.
Теориялық білім мен тренажердегі тәжірибеден кейін, нұсқаушымен екі айдан астам уақыт тағылымдамадан өтіп, тек содан кейін өз бетінше жұмысқа жіберілген. Бес айдан астам уақыт бойы кенді мақсатты жерге тасымалдауда кемшілік жібермей, жұмысты табысты орындап келді.
«Менің жұмысымда ең бастысы өлшемді сезіну және мұқияттылық. Сондай-ақ, бұл жұмыста өзіңе және өз күшіңе деген сенімнің болғаны өте маңызды. Ауыр жүк көлігінің салмағы 220 тонна, биіктігі 7 метр және ені 9 метр болады. Көлік өте үлкен. Басқару басында қиын болғанымен, қазір еркін жүргіземін. Көлікте электродинамикалық тежеу жүйесі, круиздік бақылау жұмыс істейді. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап жүрсең бәрі жақсы болады», – дейді кейіпкер.
Ұжым да жақсы қарсы алған. «Әріптестерден ерекше қолдау сезініп келемін» деп ағынан жарылды. Ол Мақсат Нұрғалиұлымен бірге әйелдердің де бұл кәсіпте табысты бола алатынын дәлелдедік деп санайды.
«Жұмысқа тек жақсы көңіл күймен келсең, ісің алға басады деген сенім бар. Оның үстіне, осы істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. Әйел адам деп ешқандай кемсітушілік болған емес. Керісінше, қай-қайсы да көмектесуге әзір екендерін білдіріп тұрады. Адам өмірінде жақсы тәлімгер жолықса, еш нәрседен ұтылмайсың деп ойлаймын. Сол секелді, маған да білікті тәлімгер жолықты деп санаймын. Сондай-ақ, мұндай ауыр, үлкен жүк көлігін басқару үшін, ер адам болудың қажеті жоқ дер едім», – деп түйіндеді Любовь Бабашева.
Ол бос уақытын екі баласына арнайды. Сондай-ақ, спортпен шұғылданады. Алдағы еңбек демалысында балаларын алып шетелде демалуды жоспарлап отыр. Кей жігіттердің батылы бармай жүрген істе, Любовь Бабашева алып көліктердің әйелдерге мойынсұнатынын дәлдегендей.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған кейіпкер