Арқалық театры халықаралық фестивальде марапатталды

Арқалық театры халықаралық фестивальде марапатталды

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Атырау қаласында өткен көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р. Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалінде бақ сынады.

Өнер бәйгесіне Қазақстанның 9 театр, сондай-ақ Қырғызстан мен Қарақалпақстанның театрлары да атсалысқан.

Фестиваль – Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге, ұлттық драматургияны насихаттау және театр өнерінің дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.

blank blank blank blank blank blank

Өрелі өнер шеруінің шымылдығын Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Р. Отарбаевтың «Махаббат мұнарасы» драмасымен ашты. Режиссер Б. Шамбетов сахналаған қойылым көрермен назарына ұсынылып, театр ұжымының шығармашылық ізденісі мен актерлік шеберлігін танытты.

«Мәдени іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының алаңында өтті. Жиынға мәдениет және өнер саласының өкілдері, театр ұжымдары мен зиялы қауым қатысты. Ашылу салтанатында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Театр өнері» басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова және Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының төрайымы Сәуле Отарбаева құттықтау сөз сөйледі. Қазылар алқасының қатысуымен әр қойылымнан кейін талқылаулар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында сахналық туындылардың көркемдік ерекшеліктері, режиссерлік шешімдер мен актерлік шеберлік мәселелері талқыланды. Мұндай кездесулер театр мамандарының тәжірибе алмасуына, шығармашылық ой бөлісуіне және кәсіби байланыстарын нығайтуына зор мүмкіндік береді», – дейді Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының директоры Рауан Терек.

Фестиваль қорытындысы бойынша Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының актері Дүйсен Қадырханов жазушы-драматург Р. Отарбаевтың «Махаббат мұнарасы» драмасындағы бас уәзір рөлін сомдағаны үшін «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» аталымымен марапатталды.

blank blank blank

Сонымен қатар фестивальге белсенді қатысқаны үшін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының ұжымына ризашылығын білдіріп, театр басшысы Рауан Абдуллажанұлын Алғыс хатпен марапаттады.

Алғыс хатта Арқалық театрының қазақтың біртуар азаматы Р. Отарбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге, театр өнерінің дамуына қолдау көрсетуге және шығармашылық ұжымдар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға қосқан үлесі атап өтілген.

 

                                         Мұрат Жүнісұлы                                                                                        Арқалық қаласы