Қостанайда 100 жеміс ағашы отырғызылып, жаңа бақтың негізі қаланды

Қостанайда 100 жеміс ағашы отырғызылып, жаңа бақтың негізі қаланды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің аумағына 100 жеміс ағашының көшеті отырғызылды. Экологиялық шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы бойынша ұйымдастырылды.

Акцияға университет студенттері мен оқытушылары қатысты. Олар алма, алмұрт және қара өрік көшеттерін отырғызып, оқу орнының аумағын көгалдандыруға үлес қосты.

blank

Алма ағашының бес сұрпын егу жоспарланған. Көшеттердің бір бөлігі университет жатақханасының маңына да отырғызылады.

Университет проректоры Жеңіс Жарылғасовтың айтуынша, мұндай бастамалардың мақсаты – жастардың бойында табиғатқа деген жанашырлық пен экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру.

blank

«Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті «Таза Қазақстан» акциясына қатысуын жалғастырып отыр. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін де көпшілігіңіз факультеттерге бекітілген аумақтарды тазалау сияқты түрлі сенбіліктерге белсенді қатыстыңыздар. Бүгін біз жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызамыз. Барлығы 100 көшет егу жоспарланған. Олардың қатарында алма, алмұрт және қара өрік ағаштары бар. Біздің жастар университет аумағының таза әрі көрікті болуына әрқайсымыз жауапты екенімізді түсінуі керек. Мұндай жұмыстар бір реттік шарамен шектелмей, тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Өйткені біз болашақ ұрпаққа табиғаты көркем, жасыл желегі жайқалған Қазақстанды қалдыруымыз керек. Елімізде өсімдіктер дүниесі бай, көлдері мен таулары таза болып, табиғи тепе-теңдік сақталуы маңызды. Сондықтан біз бүгінгі табиғатымызды аялап, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауымыз қажет. Құрметті студенттер мен әріптестер, бүгінгі акцияның басты мақсаты да — осы жауапкершілікті қалыптастырып, табиғатты қорғау мәдениетін жастардың бойына сіңіру», –  деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің зерттеулер, инновациялар және цифрландыру жөніндегі проректоры  Жеңіс Жарылғасов.

Ал ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Алмабек Нұғманов ағаш отырғызу жұмыстары мұнымен аяқталмайтынын атап өтті.

blank

Енді өз уақытында көшеттерді суару, арамшөптерден тазарту, тыңайтқыш енгізу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл іске студенттер оқытушыларымен және кураторларымен бірге қатысады.

Маманның пікірінше, студенттің өз қолымен отырғызған ағашына күтім жасауы оның табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді екен. Өйткені адам өзі еккен көшеттің өсіп-жетілуіне жауапкершілікпен қарап, оның жайқалып өсуіне мүдделі болмақ.

blank

«Көктем мен жаз мезгілінде отырғызылған көшеттерге күтім жасау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, ағаштардың айналасы арамшөптерден тазартылып, суарылады және тыңайтқыштар беріледі. Бұл жұмыстарға студенттердің басым бөлігі кезең-кезеңімен қатысады. Олар өздерінің кураторларымен және оқытушыларымен бірге көшеттерді күтіп-баптайды. Тәжірибемнен байқағаным, ағашты өз қолымен отырғызған студент оған ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өзінің еккен ағашын ұмытпай, оның жай-күйін бақылап, уақытылы суарып, арамшөптерден тазартып жүруге тырысады. Студенттердің бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік қалыптасып, өз қолдарымен жасаған іске жауапкершілікпен қарауды үйренеді», – дейді Алмабек Нұғманов.

«Менің аулам – менің бағым» жобасы алдағы бес жылда облыстың білім беру ұйымдарында 100-ден астам жеміс бағын құруды және шамамен 3 мың ағаш отырғызуды көздейді.

blank blank blank blank blank Ал алғашқы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – көшеттердің жерсінуін қамтамасыз ету. 2027 жылдың көктеміне қарай отырғызылған ағаштардың кемінде 80 пайызының сақталуы жоспарланған.

blank blank

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васильев