«Құрмет» орденінің иегері, ҚР -ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші – композитор Айтбай Мұздахановтың 85 жас мерейтойына арналған «Елім менің» атты шығармашылық кеші Арқалық қаласында жалғасын тапты.
Композитордың мерейлі мерейтойы бұған дейін туған жері Амангелді ауданында дүркіреп өткенін жеткізген болатынбыз.
Айтулы жасты абыроймен еңсеріп, ғибратты ғұмырын ұлттық өнерге, қасиетті домбыраның қоңыр үнін дәріптеуге және ел руханиятын байытуға арнап келген өнер абызын қала жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды. Айтбай ағаның бүкіл саналы ғұмыры – туған елге деген сүйіспеншіліктің, өнерге деген адалдықтың, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің жарқын үлгісі екендігі сөзсіз.
Дарынды композитордың күйлерінде халқымыздың тарихы мен тағдыры, елдік рухы, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен көрініс тапса, әндерінде қазақы болмысты, адамгершілік пен ізгілік құндылықтарын әсем әуенмен өрнектеп, халық жүрегінен өшпес орын алды. Сазгердің 70-ке тарта күй мен 50-ге жуық әннен тұратын шығармашылық бай мұрасы – қазақтың ұлттық өнеріне қосқан баға жетпес рухани қазынасы.
Мәдени іс-шараның салмағын арттырып, шығармашылық кешке арнайы келген Астана қаласы әкімдігінің Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі бұл жолы да туған жер перзенті тума талант Айтбай Мұздахановтың тың төл туындыларын шырқау биікке жеткізе орындап көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өнер қонған өлкеде ауқымды басқосудың көптен бері төбе көрсетіп отырғаны аталып өтілді.
1986 жылы Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» – Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары оркестрі өнер көрсеткен болса, араға 40 жыл уақыт салып Қазақ оркестрі сынды іргелі өнер ұжымы Арқалыққа ат басын тіреп отыр. Бұл да болса, қаламыздың биылғы 70 жылдық мерекесіндегі айтулы мәдени оқиға болғаны анық.
Композитордың ізгі жолын қызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, белгілі күйші Анар Мұздаханова сәтті жалғастырып келеді. Бұл – әке өнерінің ұрпақ жүрегіне сіңіп, ұлттық өнердің сабақтастығы үзілмей келе жатқанының айқын көрінісі. Сағаттардың сырғып өткенін сездірмеген өнер думаны көрермендердің қошеметімен, өнер өрендеріне ұсынылған гүл шоқтарымен көмкеріліп отырды.

Қала әкімі Әмірхан Асанов кеш иесін мерейтойымен құттықтап, халқымыздың салт — дәстүріне сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Өнер ұжымына қала әкімінің Алғыс хаты салтанатты түрде табысталып, ықылас гүлі ұсынылды.

Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
