ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын ғана «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Маңызды құжат цифрлық трансформация процесін реттеу, қадағалау, сүйемелдеу және дамыту үрдісінің темірқазығына айналмақ.
Ондағы негізгі қағидалар мен талап-шарттар төңірегінде облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасының басшысы Азамат Кашиев пікір білдірді.
Бұл – Жасанды интеллект туралы Орталық Азиядағы алғашқы заң. Мұндай заң дүние жүзінде де өте аз. Еуроодақ елдерінің бірнешеуінде, Канадада және Сингапурда ғана бар. Сонымен, ел тарихындағы мән-маңызы бөлек құжаттың мазмұны қандай? Ол жөнінде Ақорда мынадай мәлімет жариялады:
«Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындау құралы ретінде қарастырылады. Осыны ескере отырып, заңда жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Меншік иелері мен пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, қолдау көрсету міндеттері жүктелген. Заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық және түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру, оның шешім қабылдаудағы еркіндігі, деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс қағидаттары бекітілді».
Заң жеті тарау, 28 баптан тұрады. Мұнда жасанды зерде жүйесінің жіктелімі, олардың критерийлері, қолданыс тәртібі, тұлға құқығы, үдемелі дамыту негіздері тәрізді қағидаттар басшылыққа алынған. Жалпы, бұл заң егжей-тегжейлі пысықтау, талқылаулар нәтижесінде пісіп-жетілді деуге болады.
«Екі жыл бұрын Президент Астанада өткен «Digital Bridge 2023» ІТ-форумында Жасанды интеллектіні реттейтін заң дайындау туралы тапсырма берген еді. Сол сәттен бастап, ҚР Парламенті, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тыңғылықты, үздіксіз жұмыс жүргізді. Жобалар екі жыл бойы әртүрлі диалог алаңдарында талқы-таразыға тартылды. Атап айтсақ, ІТ-қауымдастық алаңдарында, «Атамекен» ұлттық палатасында, облыс әкімдігінде, орталық мемлекеттік органдарда жан-жақты қаралды. Нәтижесінде жаңа заң жарыққа шығып, қолданысқа енгелі отыр», – дейді облыстық басқарма басшысы Азамат Кашиев.
Әрине, жасанды интеллект жүйелерін жасауға және үдемелі дамытуға арналған платформалар құрудың әлемдік тәжірибесі де ескерілді. Сол арқылы ұлттық ЖИ платформасының қызметіне қатысты заңнамалық негіздер қалыптасты. Платформа шектеулі мерзім ішінде бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект моделдерін әзірлеуге, оқытуға және сынақтан өткізуге пайдаланылады.
«Заң жасанды интеллект технологиясын шектемейді, керісінше дамуына жол ашады. Бұл – құжаттың басты мақсаты мен міндеті, – дейді Азамат Кашиев. – Қол қойылғаннан кейін міндетті түрде қосымша заңға тәуелді нормативтік құжаттар әзірленуге тиісті. Ол біздің алдағы уақыттағы жұмысымыздың бағыт-бағдарын айқындай түспек. Орталық реттегіш – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Парламент, ал біздің міндет – ықпалдастық жасау, орындау, көмектесу. Жалпы, стартап, ЖИ жүйелерін құрумен айналысатын ІТ-компаниялармен және ІТ-кәсіпорындармен жемісті жұмыс атқарамыз деген сенімдеміз».
Аталмыш заңда авторлық құқық мәселесіне де ерекше ден қойылған. Енді адамның шығармашылық қолтаңбасы бар бүкіл туынды міндетті түрде қорғалуға тиіс. Ал ЖИ жасап берген аудио, видео материалдар, сурет, мәтін міндетті түрде оқылымды формада таңбалануы керек. Мәселен, «бұл ЖИ көмегімен жасалған» деген сияқты маркировка қою міндеттеледі. Бұл жөнінде заңға ықшам шолу жасалған Ақорда баспасөз қызметі хабарламасында да дерек келтірілген еді.
«Азаматтардың жеке деректерін қорғау амалдарын күшейту мақсатында жеке деректерді өңдеуге келісім беру мерзіміне қатысты талап енгізілді. Енді бұл мерзім жеке деректерді жинау және өңдеу мақсатына жету үшін қажетті мерзімнен аспауға тиіс. Субъект немесе оның заңды өкілі иесін, операторды, үшінші тарапты ескертіп, жеке деректерді жинауға, өңдеуге берген келісімін қайтарып алуға құқылы. Ішкі бөлшек сауда субъектілері үшін идентификациялық құралдарды оқитын бақылау-касса машиналарын пайдалану арқылы операцияларды есепке алу жөнінде талап қоя отырып, тауарларды таңбалау механизмі жетілдірілді. Бірқатар түзетулер нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді», – деп түйінделген хабарламада бұл пункт туралы.
Облыстық басқарманың алдында тұрған ендігі міндет – «Жасанды интеллект туралы» заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Одан ары саланы жетілдіруге бағытталған жобалар мықтап қолға алынады. Азамат Кашиев осы мақсатпен жүйелі жұмыс жоспары құрылып отырғанын айтады.
«Әуелі басқарма ішінде «Құқықтық білім мектебі» іс-шарасын өткіземіз. Ұжымды жинап, заңды бастан-аяқ оқып, танысып, талқыға саламыз. Таяу арада облыстық ІТ-қауымдастықтың басын қосуды да жоспарлап отырмыз. Онда осы заңды, нормативтік құжатты талқылаймыз. «Атамекен» өңірлік палатасында да осы текті жиын өткізуді көздеп отырмыз. Әлбетте, ендігәрі заңды талқылау, ақпарат беру, түсіндіруге арналған отырыс-жиын көп ұйымдастырылады», – дейді Азамат Кашиев.
Ол мәлімдегендей, жаңа заңға қол қойылған күні-ақ көптеген жергілікті ІТ-компания басқармаға қоңырау шалып, министрлікпен онлайн-отырыс қашан өтетін сұраған. Басқарма басшысы мұның бір орайы келеріне сенім білдірді. Сондай-ақ министрліктен арнайы сарапшы шақырудың да ықпалы зор болар еді. Басшылық оны міндетті түрде орындауға да ынталы.
Жандос Жүсіпбек
иллюстрация: anatili.kazgazeta.kz
