Қостанай қаласының Қонай ықшам ауданында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Шілде айынан бастап ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегінде тұрған азаматтардың тізімін өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі бұл туралы үнемі хабарласа да, бір жарым ай ішінде небәрі 1430 адам өз деректерін жаңартқан. Олардың 932-сі – алғашқы 3000 өтініш берушінің қатарынан.
«Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, АХАТ және көші-қон қызметтерімен бірлесіп, қайтыс болған, Қазақстаннан тұрақты тұруға кеткен немесе бұрын мемлекеттен жер учаскесін алған азаматтарды анықтау жұмысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде осындай 111 азамат анықталды, олар заңға сәйкес кезек тізімінен шығарылады. Жалпы алғанда, 1541 адамның деректері өзектендірілді», – дейді қалалық әкімдіктің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Жұмабеков.
Айта кету керек, 2025 жылдың 31 тамызына дейін деректерін өзектендірмеген азаматтар, өз деректерін жаңартқандардың жылжуын ескере отырып, кезекте қала береді. Кезектің алғашқы 3000 нөмірінде тұрған азаматтар Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 128 мекен жайындағы «Қостанай қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ғимаратындағы фронт-офиске баруы қажет. Өзімен бірге жеке куәлік және электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы тиіс.
Шілденің ортасынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қостанай облысы бойынша филиалы жер учаскелерінің шекараларын белгілеу жұмыстарын жүргізуде.
Тамыздың соңына дейін бөлуге жоспарланған 1668 жер учаскесінің барлығының шекаралары белгіленген. Жұмыстар қыркүйектің 18-інде толық аяқталады. Сосын деректерін өзектендірген азаматтар бос жер учаскесін немесе мемлекет есебінен салынған 124 дайын үйдің бірін таңдау үшін «Қостанай қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөліміне» келуі қажет. Жер учаскесін рәсімдеуге өтінім беру электронды форматта E-gov порталы арқылы жүзеге асырылады. Өтінім беруден бастап жер учаскесін беру туралы әкімдік қаулысын қабылдауға дейінгі уақыт 30 жұмыс күнін алады.
«Жер кодексіне сәйкес, жер учаскесін алған азаматтарға оны қайта сатуға және мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Егер азаматтар учаскені игеру кезінде құрылыс нормаларын сақтамаса, келісім-шарт бұзылып, жер келесі кезекте тұрған адамға беріледі. Бюджет қаражаты есебінен салынған 124 тұрғын үй толықтай пайдалануға берілді. Олардың ішінде 69 бір қабатты үй және 55 екі қабатты үй бар. Үйлердің құны 30,2 млн теңгеден 32,7 млн теңгеге дейін», – дейді бөлім өкілі.
Үйлерді сатып алуға ниет білдірген азаматтарға арнайы тізім жасақталады. Сатып алу жеке қаражат немесе банк арқылы несиелендіру механизмі арқылы жүзеге асырылады. Екінші деңгейлі банктермен тұрғын үйлерді несиеге рәсімдеуді жеделдету бойынша келіссөздер жүргізілді. Банк талаптарына сәйкес, өтініш берушілер төлем қабілеттілігін тексеруден өтуі, үйдің нарықтық құны туралы есеп дайындауы және сату-сатып алу келісім-шартын жасасуы қажет. Төлем қабілеттілігін растамаған азаматтар дайын үйді сатып алу мүмкіндігінен айырылып, кезекте қала береді. Сатылымнан түскен қаражат жергілікті бюджетке қайтарылады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
