Биыл Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Ел Тәуелсіздігінің басты тірегі саналатын құжат 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданды. Содан бері мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына Ата заң негіз болды.
30 жыл ішінде негізгі заңға 6 рет түзету енгізіліп, заман талабына сай жаңартылды.

Қостанайда ҚР Конституциясына 30 жыл толуына орай «Ата Заң – тәуелсіздіктің тірегі: құқықтық мемлекеттің 30 жылдық дамуы» атты мерекелік конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, заң саласының ардагерлері, ұстаздар, оқушылар және жас ғалымдар қатысты.

Конференцияны облыстық әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова ашып, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол Ата Заңның ел егемендігін нығайтудағы тарихи маңызына ерекше тоқталды.
– Ата Заң – тәуелсіздіктің нақты тірегі. Бұл жай ұран емес, халқымыздың тарихи тағдырын айқындаған маңызды таңдау. Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітті, – деді департамент басшысы.
Конституцияның қабылдану кезеңіне арналған бейнероликтен кейін сөз қоғам қайраткері, ардагер заңгер, еліміздің Конституциясын әзірлеуге қатысқан Сергей Жалыбинге берілді. Ол заң саласындағы бай тәжірибесімен бөлісіп, Ата Заңды қабылдау барысындағы тарихи сәттерді еске алды.
– Конституция – саяси тұрақтылық пен азаматтық келісімнің негізі. Адам құқығы мен бостандығының қорғалуына, демократиялық қоғамның қалыптасуына жол ашқан басты құжат. Онда ар-ождан бостандығы, білім алу, еңбек ету, еркін кәсіппен айналысу сияқты негізгі құқықтар бекітілген. Бұл нормалар БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына негізделеді, – деді ол.
Конференция аясында жастарға арналған интерактивті сессия ұйымдастырылып, оқушылар «Конституцияны бір сөзбен сипаттасаңыз?» деген сауалға: «Болашақ», «Теңдік», «Құндылық» деген жауаптар берді.
Іс-шарада сөз алған – Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі, биотехнология саласының жас маманы, PhD докторы Павел Шевченко. Ол Ата Заңмен бір жылы дүниеге келгенін ерекше тебіреніспен айтып, ғылым жолындағы жетістіктерімен бөлісті.
– Мен Конституциямен қатар өстім: азамат ретінде оқыдым, дамыдым. Бұл – жеке жетістігім ғана емес, Тәуелсіз Қазақстан ұсынған мүмкіндіктердің жемісі, – деді ол.
Павел Шевченко отандық ауыл шаруашылығына арналған тест-жүйелерді әзірлеп, ғылыми зерттеулерін азық-түлік қауіпсіздігі мен мал ауруларын диагностикалау бағытында жүргізіп келеді. Пандемия кезінде 40 мыңнан астам ПТР-тест жүргізіп, вируспен күреске зор үлес қосты. Бүгінде ол – халықаралық ғылыми жобалардың қатысушысы, бірнеше елде тағылымдамадан өткен тәжірибелі ғалым. 2024 жылы Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанған.
Салтанатты іс-шараның бір ерекше сәті – 16 жасқа толған жасөспірімдерге алғаш рет жеке куәлік тапсыру рәсімі болды. Бұл азаматтық жауапкершілікке жасалған алғашқы қадам ретінде қабылданып, жас буынға ізгі тілектер айтылды.
Конференция барысында құқықтық мемлекеттің дамуы, цифрландыру бағытындағы жаңа реформалар мен адам құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктер де талқыланды. Бірінші қабатта Конституция тарихына арналған көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Конференция еліміздің Ата Заңының қоғамдағы рөлін, оның адам құқығы мен бостандығын қорғаудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады. Бұл басқосу – құқықтық мәдениетті дәріптейтін, жас ұрпақтың құқықтық санасын арттыратын маңызды алаңға айналды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
