Қостанайдың жаңа келбеті: мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлайды

Қостанайдың жаңа келбеті: мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлайды

Қостанай қаласында құрылыс екпіні үдеп, зәулім ғимараттардың қатары жыл сайын толығуда. Шаһардың әр жерінде көп қабатты тұрғын үйлер салынып, тұрпаты келіскен мөлтек аудандар құрылды.

Облыс бойынша биыл құрылыс саласындағы өсім былтырғы кезеңмен салыстырғанда 22 %-ке ұлғайған. Бұл бағыттағы жұмыстың бет-алысын бағамдау үшін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жаңа нысандарды аралап шықты.

blank blank blank blank blank

Соңғы он жылдық төңірегінде Тобыл жағасында құрылыс қызғаны рас. Нәтижесінде Әуежай, Юбилейный, Жаңа қала, Береке, Қонай мөлтек аудандары қалыптасты. Көршілес Тобыл қаласы да қалысар емес. Бәйтерек, Астана деп аталатын жаңа шағын аудандардың негізін қалады. Бүгінде өңір тұрғындары аталған аумақтардың бірінен үй алып, қоныстануда.

blank

«Құрылыс – экономиканың қозғаушы күші деп бекер айтылмайды. Саладағы жұмыстардың көлемі ұлғайған сайын экономикалық белсенділік артып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді. Өңірде баспанамен қамту мәселесі бір жүйеге түсті. Соңғы үш жылда облыста шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 20 мыңнан астам отбасы жағдайын жақсартты. Биылғы жоспарымыз – 520 мың шаршы метр немесе 7 мың пәтерді игеру», – деп атап өтті облыс әкімі.

Бес жыл ішінде Қостанай қаласында тұрғын саны 20 мыңнан астам адамға көбейіп, 280 мыңға жуықтады. Халықтың қарасы артқан сайын баспана қажеттілігі туындайтыны заңды құбылыс. Сондықтан биыл облыс орталығында 337 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Пәтерлер Қонай және Береке мөлтек аудандарынан үлестірілмек. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев аталған жерлердегі құрылыстың жай-күйін облыс әкіміне баяндады.

blank

«Қонайда сегіз көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақындады. Бұл дегеніңіз 420 пәтер. 15-қазанға дейін жеті үйдің және қараша айына дейін тағы бір үйдің құрылысын бітіреміз. Сонымен қатар он көпқабатты үйдің айналасы абаттандырылып жатыр. Жер үйлер салу жұмысы да жалғасуда», – деп түсіндірді қала әкімі.

Бүгінде Қонай тұрғын алабы мен Береке шағын ауданында баспана құрылысымен қатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Жолдар салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылуда. Аулалар абаттандырылып, балаларға ойын алаңдары мен ересектер үшін спорт алаңқайлары жасақталуда.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ