Жабық есіктің ар жағындағы адам тағдыры

Жабық есіктің ар жағындағы адам тағдыры

Жабық есік, қатаң режим, түрлі шектеулер – тергеу изоляторында, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымда, мәжбүрлі емдеу мекемесінде немесе жабық білім беру ұйымында жүрген адамның күнделікті өмірінің бір бөлігі. Алайда мұндай жағдайда да адамның ешкім қол сұға алмайтын құқықтары бар.

Бұл – медициналық көмек алу, дұрыс тамақтану, қауіпсіздік, тиісті санитарлық-тұрмыстық жағдай және арыз-шағымдарын еркін беру мүмкіндігі. Осындай құқықтардың сақталуын бақылауға көмектесетін маңызды тетік – Ұлттық превентивтік тетік (ҰПТ). Оның басты мақсаты – орын алған заң бұзушылыққа ғана жауап беру емес, ең алдымен адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу, мәселені алдын ала анықтау.

Арнаулы мекемелердегі жағдайды кім бақылайды?

ҰПТ қатысушылары жабық және арнаулы мекемелерге алдын ала ескертусіз немесе заңда белгіленген тәртіппен барады. Олар сол жерде адамдардың қандай жағдайда тұрып жатқанын көріп, санитарлық жағдайды, тамақтануды, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын, қауіпсіздік мәселелерін тексереді. Сондай-ақ мекемеде отырған адамдардың арыз-шағым беруге мүмкіндігі бар-жоғын және олардың өтініштеріне қаншалықты  жауап беріліп жатқанын анықтайды. Мұндай жұмыстың ең маңызды тұстарының бірі – адаммен оңаша сөйлесу мүмкіндігі. Өйткені барлық мәселені сырттай қарап бірден байқау мүмкін емес. Кей жағдайда мекеме ішінде отырған адамның өзі ғана қандай қиындыққа тап болғанын, қандай мәселенің шешілмей тұрғанын айтып бере алады. Бақылау сапарларынан кейін ҰПТ қатысушылары есеп дайындап, анықталған мәселелерді шешуге бағытталған ұсынымдар береді. Бүгінде Ұлттық превентивтік тетік Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Оның құрамына құқық, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардың мамандары кіреді. Олар бұл жұмысқа ерікті түрде қатысып, жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғауға үлес қосып келеді. Алайда мұндай жүйенің тәуелсіз әрі объективті болуы үшін тексеру жүргізетін, есеп дайындайтын адамдар мен сол жұмыстардың нәтижесін бағалайтындардың өкілеттіктерін нақты ажырату маңызды.

Үйлестіру кеңесінің міндеті қандай?

Ұлттық превентивтік тетіктің жұмысын Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі үйлестіреді. Бұл – ҰПТ жұмысының нәтижелерін жинақтап, талдап отыратын консультативтік-кеңесші орган.

Кеңес өз жұмысын БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының Факультативтік хаттамасында белгіленген Ұлттық превентивтік тетік қағидаттарына сәйкес жүргізеді. Мен де биылдан бастап Қостанай облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің құрамына мүше болып қабылдандым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік деп білемін. Өйткені Кеңес жұмысы жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғауға, олардың заңды мүдделерінің сақталуына және адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған. Осыған байланысты соңғы өткен Үйлестіру кеңесінің отырысына қатысып, онда қаралған маңызды мәселелердің талқылануына куә болдым. Отырыста Ұлттық превентивтік тетік қатысушылары мен Үйлестіру кеңесі мүшелерінің қызметін нақты ажырату мәселесіне ерекше назар аударылды. Талқылау барысында бұл мәселенің жай ғана ұйымдастырушылық сипаттағы шешім емес, ҰПТ жұмысының тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам екені айтылды. Қостанай облысының өкілі ретінде Кеңес құрамындағы жұмысқа қатысу мен үшін өңірдегі адам құқықтарын қорғау мәселелерін кеңірек қарастыруға мүмкіндік береді. Себебі жабық мекемелердегі жағдай тек сол мекемеде отырған адамдардың мәселесі емес. Мұнда қоғамның мемлекетке, құқық қорғау институттарына және жалпы әділеттілік қағидаттарына деген сенімі де маңызды.

Отырысқа Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Кеңес хатшысы Раиса Шер, Кеңес мүшелері мен ҰПТ қатысушылары қатысты. Биыл Үйлестіру кеңесінің құрамында Қазақстанның 63 азаматы бар. Олардың қатарында медицина, құқық, білім беру, әлеуметтік қорғау және басқа да салалардың мамандары. Алайда олардың 16-сы бір мезгілде Ұлттық превентивтік тетіктің қатысушысы болған. Кеңес хатшысы Раиса Шердің айтуынша, олардың 15-і бұл екі міндетті қатар атқарудың дұрыс еместігін түсініп, Кеңес құрамынан шығу туралы өтініш берген. Бұл шешімді Үйлестіру кеңесіне қатысқан 57 мүшенің басым бөлігі, яғни 52-сі қолдады. Ал өз еркімен шешім қабылдамаған тағы бір қатысушының Кеңестегі мүшелігін тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл әр органның өз міндетін тәуелсіз, объективті және жауапкершілікпен орындауына мүмкіндік беретін қадам. Сонымен қатар ол Ұлттық превентивтік тетікке деген қоғамдық сенімді сақтауға да маңызды. Себебі ҰПТ қатысушысының негізгі міндеті жабық және арнаулы мекемелерге барып, ондағы адамдардың жағдайын тікелей зерделеу, олармен сөйлесу, медициналық көмек, тамақтану, санитарлық жағдай, қауіпсіздік және басқа да құқықтарының сақталуын бақылау. Ал Үйлестіру кеңесінің міндеті осы сапарлардың нәтижелерін жинақтап, талдау, жүйелі мәселелерді анықтау және оларды шешуге ықпал ету. Қарапайым мысалмен түсіндірер болсақ, ҰПТ қатысушысы мекемеге барып, жағдайды тексереді және өз есебін дайындайды. Егер ол сонымен бірге Үйлестіру кеңесінің мүшесі болса, кейін сол есепті қарауға және оның сапасын бағалауға қатысуы мүмкін.Бұдан бөлек, Үйлестіру кеңесі ҰПТ қатысушыларын іріктеу, топтарды қалыптастыру және олардың қызметіне қатысты басқа да мәселелерді қарастырады.Мұнда нақты мүдделер қақтығысы болмаса да, мұндай жағдай қоғам тарапынан бағалаудың объективтілігі мен тәуелсіздігіне қатысты сұрақ туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл функцияларды бөлу туралы шешім қабылданды.

Басты мақсат – жазалау емес, алдын алу

Ұлттық превентивтік тетіктің мақсаты – мүмкіндігінше көп заң бұзушылық тауып, біреуді жазалау емес. Ең бастысы – мәселені дер кезінде байқап, адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Егер мекемеде медициналық көмек жеткіліксіз болса, санитарлық жағдай талапқа сай келмесе, адамдардың шағымдары назардан тыс қалса немесе басқа да мәселелер туындаса, оны мүмкіндігінше ертерек анықтап, тиісті ұсыным беру қажет.Өйткені құқық бұзушылықтың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Адам сотталып, уақытша қамауға алынып  немесе жабық мекемеде отыруы  мүмкін. Бірақ бұл оның адамдық қадір-қасиетін қорлауға немесе заңды құқықтарын бұзуға ешкімге құқық бермейді. Сондықтан жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғау – тек сол адамның жеке мәселесі емес. Бұл – тұтас қоғамның құқықтық мәдениетінің көрсеткіші.Ұлттық превентивтік тетік қатысушылары мен Үйлестіру кеңесінің міндеттері әртүрлі болғанымен, олардың түпкі мақсаты бір.ҰПТ қатысушылары мекемелерге тікелей барып, жағдайды көзбен көреді, адамдармен сөйлеседі. Ал Үйлестіру кеңесі осы жұмыстардың нәтижелерін жүйелеп, талдайды, жекелеген емес, жүйелі мәселелерді анықтауға және оларды шешуге ықпал етеді.

Сайып келгенде, атқарылып жатқан барлық жұмыс бір мақсатқа бағытталған.Жабық есіктің ар жағында қалған адам өзінің адам екенін ұмытпауы үшін, оның құқықтары қандай жағдайда да қорғалуы тиіс. Сондықтан соңғы отырыста қабылданған ҰПТ қатысушылары мен Үйлестіру кеңесі мүшелерінің қызметін ажырату туралы шешімді орынды әрі қажетті қадам деп бағалаймын. Мұндай шешім әр органның өз міндетін тәуелсіз орындауына, жауапкершіліктің нақты бөлінуіне және ең бастысы, жабық мекемелердегі адамдардың құқықтарын қорғау жұмысының тиімді болуына мүмкіндік береді.

 

            Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,

«Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы