Қазақ тілін мемлекеттік қызметте кеңінен қолданып, өрісін арттыру әлі де өзекті болып тұр. «Жастар сарайында» облыстық байқау ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің білім-білігі сыналды. Игі дәстүрге айналған бұл сайысты Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы қолға алған.
«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауына облыстың әр түкпірінен келген 13 команда, барлығы 39 мемлекеттік қызметші төрт кезеңде ьағын сынап көрді. Әуелі әр команда өздерін таныстырып, ұраны мен ұстанымын әсерлі жеткізді. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деп аталған кезеңде жер-су атауларына қатысты тарихи білім, шешендік, тапқырлық сынға түсті. «Заңдарды білесіз бе?» сайысында қатысушылардың заңнамалық сауаты тексерілді. Шығармашылық кезеңде қатысушылар ән айтып, өлең оқып, сахналық қойылым арқылы қазақ тілінің көркемдік қуатын дәріптеді.
Байқау соңында үздіктер анықталып, әділ бағасын алды. Бас жүлде Сарыкөл ауданынан келген «Сұңқар» тобына бұйырды. Екінші орын Ұзынкөл ауданының «Жалын» ұжымына табысталса, Қарасу ауданын таныстырған «Атамекен» үштікті түйіндеді.
Жүлдегерлер Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының арнайы дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыға алғыс хат берілді.
Марапаттау сәтінде қазылар алқасының төрағасы, Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков сөз сөйлеп, қатысушылардың тапқырлығы мен білімділігіне, тілге деген ілтипатына жоғары баға берді.
«Бұл – тек байқау емес, мемлекеттік қызметшінің тілге деген ықыласын, ішкі мәдениетін, кәсіби біліктілігін айқындайтын алаң. Мемлекеттік тілдің беделін осындай бәсекелер арқылы арттырып, қоғамға оң әсер ету – баршамыздың ортақ мақсатымыз», – деді ол.
Ал «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Тоты Айтмағамбетова қатысушылардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, дәстүрлі байқаудың тіл мәдениетін көтерудегі маңызын айтты.
«Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік. Ал мемлекеттік тілде сөйлеу – сол жауапкершіліктің бір тармағы. Бүгінгі байқау бұл ойдың нақты дәлелі болды», – деді ол.
Байқау мемлекеттік тілдің тек құжат тілі емес, рухани һәм кәсіби тірек екенін дәлелдеген әсерлі алаң болды. Тілге деген құрметті осындай рухани мерекелер арқылы арттырып, қызмет пен тілді ұштастыра білу бүгінгі заманауи мемлекеттік қызметшінің келбетін айқындайды.
