Үкімет отырысында инфляция деңгейі мен бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды. Сауда және интеграция министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірге халық күнделікті тұтынатын 20 негізгі тауар мен қызмет бойынша баға өзгерістерін ұсынды.
Жыл басынан бері инфляция 6,1%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік бағасы – 6,7%, азық-түлік емес тауарлар – 3,6%, ал ақылы қызметтер – 7,8%-ға өсті.
«Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсімі 0,2%-ды, ал жыл басынан бергі өсімі 7,5%-ды құрады. Картоп пен қырыққабаттың бағасы 0,6% және 0,8%-ға төмендеді. Алайда сәбіз, пияз, тауық және сиыр еті бағасының өсу үрдісі сақталып отыр», — деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер өңір әкімдіктеріне халық жиі тұтынатын тауарлардың сауда нүктелерінде жеткілікті болуын және баға тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
