Жазғы демалыс әрбір бала үшін қауіпсіз болуы тиіс

Жазғы демалыс әрбір бала үшін қауіпсіз болуы тиіс

Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі облыстық штаб отырысы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өтті.

Отырысқа мүдделі ведомстволардың басшылары, әкімдердің орынбасарлары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың білім бөлімдерінің жетекшілері қатысты.

Білім басқармасының басшысы Айман Ибраева балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, оларды жұмыспен қамту, қала сыртындағы лагерьлер мен мектеп жанындағы алаңдардың қызметі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары жөнінде жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. Әрбір балаға сапалы демалыс ұйымдастырып, қосымша білім алу мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Экологиялық туризмді дамытуға ерекше назар аударылады: мыңнан астам оқушы Наурызым қорығына және Амангелді ауданындағы туристік хабқа экскурсияға жіберіледі.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Даулетбаев балалар демалатын орындарды, жағажайлар мен су айдындарын сапалы санитариялық өңдеуден өткізу, сондай-ақ лагерьлерді медициналық сүйемелдеумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Полиция департаментінің басшысы Сұңқар Сүлейменов жаз мезгілінің жарақат алу қаупі жоғары кезең екенін айтып, осыған байланысты жолдарда, су айдындарында және демалыс орындарында қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін жеткізді. Полиция қызметкерлері балалар демалатын орындар мен лагерьлерде тұрақты түрде кезекшілік атқарады.

Отырыс қорытындысы бойынша жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізу және оларды уақытылы қабылдау бойынша тапсырмалар берілді. Сондай-ақ қала сыртындағы лагерьлерде ұялы байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттелді.

Жазғы демалыс әрбір бала үшін қауіпсіз, пайдалы әрі белсенді уақытқа айналуы тиіс.