Ғылымхан Қадырұлы Денисов ауданы Фрунзе ауылының төл тумасы. 16 жасынан қара жұмысқа араласып, шираған. Екі жыл әскерде болып, елге оралған соң трактор тізгіндейді. Содан зейнеткерлікке шыққанша дала төсінде механизатор болып жұмыс істеді.
Жұбайы Дина анамыз Ресейдің Челябі облысында туып өскен. Фрунзе ауылына туыстарына қонаққа келгенде атамызбен танысып, кейін шаңырақ құрады.
Бүгінде жастары 70-тен асқан жұбайлар жеткіншек шақтағы алып қашу «операциясын» еске түсіріп, бір күліп алады.
Әжейдің алтын құрсағынан үш қыз, бір ұл өрбіді. Ұрпағынан бес немере, үш шөбере сүйді.
Балалардың әрқайсысы өмір ағымына ілесіп, әр жерде ғұмыр кешіп жатыр.
«Совхоз кезінде сауыншы болдым. Жас кезімізде қоғамдық жұмысқа белсенді араластық. Қазіргінің тілімен айтқанда ерікті қызметін атқарыппыз. Бүгінде мәдениет үйінің жанындағы «Девчата семидесяти» вокал тобында ән айтамын. Біздің ауыл өте тамаша. ЖШС басшысы Сергей Шерер тұрғындарға қарайласады. Көмек сұрай барсаң қолыңды бос қайтармайды. Ауылдың гүлденуі осындай атымтай-жомарт азаматтарға байланысты», – дейді Дина Тасболатқызы.
«Фрунзенское» ЖШС ауылдық округтегі ең ірі ұйым. Өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Егістік алқаптарын әртараптандыруға қадам жасап жатыр.
Тозығы жеткен техникаларын жаңартып отырады. Биыл төрт трактор сатып алыпты.
Өсімдік шаруашылығымен айналысатын тағы 10 қожалық бар. Негізінен бидай мен күнбағыз егеді. 21 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның оны дүкен. Округтегі әр 130 адамға бір дүкеннен келеді. Бұл тұрғыда бәсекелестік жоғары.
«Біздің ауылда Wildberries (Вайлдберриз) деген халықаралық ірі онлайн маркетплейстің беру пункті ашылды. Тұрғындар интернет дүкеннен кез келген тауарға тапсырыс беріп алдырып жатады. Менің немерем қаладан демалысқа келгенде «Ата, сіздің ауылыңыз мықты ғой. Сіздерде вайлдберриз пункіті бар деп мәз болады» – дейді ауыл әкімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
