Қазақстанда атом электр станциясын салу – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі. Халықтық штаб бұл жобаның маңызды мәселелерін талқылау және халықтың пікірін білу үшін кездесулер өткізуді жалғастыруда.
Кезекті делегацияның сапары Рудный қаласында жалғасын тапты. Республикалық штабтың мүшелері Альберт Рау мен Еркін Әбіл кеншілер қаласында студенттермен кездесіп, өндірістік алаңға да ат басын бұрып, энергетика саласының мамандарымен пікірлесті.
Делегацияның алғашқы кездесуі Рудный индустриалды университетінде өтті. Жастар атом энергетикасына қызығушылық танытып қана қоймай, оны өз болашағының маңызды бөлігі ретінде қарастыратындығы бірден байқалды. Физика және инженерия факультетінің студенті мынадай сұрақ қойды: «Жас мамандар үшін қандай мүмкіндіктер бар және біз бұл салада қашан жұмыс істей аламыз?».
«Атом энергетикасының салынуы – сіздердің болашақтарыңыз. Жас инженерлер мен мамандар осы саланың негізін қалап, болашақта алдыңғы қатарлы технологияларды дамытуға үлес қосады. Қазақстандағы АЭС мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашып, технологиялық инновацияларға жол ашады», – деді Альберт Рау.
Университет оқытушылары да бұл пікірталасты қолдап, студенттер үшін атом энергетикасы – бірегей дағдыларды игерудің және жергілікті де, халықаралық деңгейде сұранысқа ие болудың зор мүмкіндігі екенін атап өтті.
Оқу орнының профессорлары АЭС тек энергияның негізгі көзі ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің орталығы болатынын алға тартты. Бұл қосымша гранттар бөліп, жастардың алдыңғы қатарлы технологияларды дамытуға қатыса алатындай жол ашпақ. Жастар бұл құрылысқа қанша қаражат кететінін, АЭС салудан бас тартқан елдер, құрылыс барысы жайында да сұрақтар қойды.
Бағдарламаның келесі кезеңі Рудный қаласындағы Жастар ресурстық орталығында қала белсенділерімен өтті. Мұнда жобаның экологиялық аспектілері талқыланды. Жергілікті белсенділерді АЭС-тің қоршаған ортаға зияны, оған жұмсалатын қаражат көлемі алаңдатады екен. Оған қыруар қаражат құйылатыны да белгілі. Зейнеткерлерді ол ел экономикасына әсері қандай болады, тұрғындардың жалақысы мен зейнетақысына кері әсерін тигізбейді ме екен деген алаңдаушылықтар болды. Бұл, әрине, орында сұрақ.
«Атом энергетикасы – энергияның ең экологиялық таза көздерінің бірі. Озық технологияларды қолдану арқылы қалдықтарды және қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға болады. Сонымен қатар, мұндай стансалар көмірге тәуелділікті азайтуға көмектеседі, онда түтін де болмайды. Ел экономикасы мұндайдан көтерілмесе еш құлдырамайды», – деді Еркін Әбіл.
Тіптен «осы референдум болмаса да ол салынады, несіне қаншама ақша құйып өтіп жатыр?» деген пікірлер де айтылды. Бұл бір ғана кісінің емес, елдің аузында жүрген ой. Оны жеткізу де дұрыс. Штаб мүшелері реферндумның қажттелігін айтты. Құрылыс алдында сан сауал туындайды. Оның бәріне де жауап керек екенін түсіндірді.
– Бұған дейінгі елімізде болған референдумның бәрі де өзге тақырыпта болатын. Ал бұл жолғы дауыс берудің мәні тіптен басқа. Бұл тарихи кезеңде әр азамат өзінің таңдауын саналы түрде жасауы керек. Ол оның азаматтық борышы. Әрине, түрлі сұрақтар туындайтыны да заңдылық. Жер-жерлерді аралайтын кезде бір мамандармен кездісіп, дидарластық. Халық елдің қауіпсіздігін ойлайды. Тарихта бұрын да түрлі жағдайлар болған. Ол қорқыныш халықтың санасында жатталып қалған. Стансаны өзіміз салмайтынымыз белгілі. Бірақ қадағалай аламыз. Қаржы мәселесі де елді алаңдатады. Ол жағы да бақылауда. Барлық сұраққа жауап беріп жатырмыз. Бұл құрылыс біздің экономикамыз үшін керек екенін халық жақсы түсініп отыр, бірақ белгілі бір сұрақтарға жауап алып, өз дауыстарына сенімді болғылары келеді. Біз үшін энергия тапшылығы мәселесін шешу ғана емес, оны табиғатқа минималды әсер етуі де маңызды, –дейді Еркін Әбіл.
Рудный қалалық емханасының медицина қызметкерлері де талқылауға қызу қатысты. Іс-шара барысында ауа ластануының аймақ тұрғындарына денсаулығына әсері, сондай-ақ АЭС-тің жағдайды қалай жақсарта алатыны туралы пікірталастар болды. Медицина қызметкерлері ауруханалар мен медициналық мекемелерді тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңыздылығын да атап өтті.
«Біз атом энергетикасын дамыту бастамасын толығымен қолдаймыз. Бұл экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, клиникаларымыздың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді», – деп ой қосты олар.
Сапардың соңғы кездесуі «KEGOC» АҚ филиалының өндірістік алаңында өтті. Онда делегацияны энергетика саласының мамандары қарсы алды. Талқылау техникалық сипатта болып, атом энергетикасын қолданыстағы жүйеге енгізу және оның дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда артықшылықтары талқыланды.
«АЭС тек жаңа энергия көзі ғана емес, бұл технологиялық дамудың басқа деңгейіне көшуі, – деді филиал инженерлері. – Біз атом энергетикасы өнеркәсіп пен ғылымды дамытуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ Қазақстанды халықаралық аренаға көтеретінін жақсы түсінеміз».
Талқылау барысында энергетикалық жүйені жаңғырту және халықаралық ынтымақтастық перспективалары сияқты мәселелер көтерілді. Халықтық штаб өкілдері бұл жобаның энергетика үшін ғана емес, бүкіл ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті. Халықтық штабтың Қостанай облысына сапары АЭС құрылысы идеясын халықтың әртүрлі топтары кеңінен қолдайтынын, ашық пікірталастар, азаматтар мен мамандардың белсенді қатысуы аймақ тұрғындарының осы тарихи жобаға қатысуға дайын екендіктерін көрсеткендей.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Рудный қаласы