Қостанайда Ту тұғыры жіті бақылауда болмақ

Қостанайда Ту тұғыры жіті бақылауда болмақ

Облыс орталығында биыл Республика күнінде 45 метрлік Ту тұғыры орнатылып, ресми түрде ашылған болатын. Шаһар басшысы Марат Жүндібаев нысанның алдағы күтіміне ерекше көңіл бөлу қажет деп санайды.

9-қарашада өткен аппарат кеңесінде Мемлекеттік Тудың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап отыруды қатаң тапсырды. Оның айтуынша, тұғырдың тірегі әркез мығым, маңайы жап-жарық болып тұруы тиіс.

Қостанай сәулетіне ерекше көрік қосқан алаңның қазіргі ахуалы жергілікті биліктің жіті назарында. Естеріңізде болса, 6-қарашада қатты желдің салдарынан Мемлекеттік Ту автоматты түрде тұғырдан сәл төмен түскен еді. Оқиға әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Қала әкімі аталған нысанды күтіп ұстау, қызмет көрсету тұрғысында Қостанайда тиісті тәжірибе жоқтығын айтады. Сондықтан атқарушы орган өзге облыстардың дағдысын зерделеуге кірісті.

«ТКШ бөліміне бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Ауа райы қолайсыз күндері Тудың дұрыс бекітілгенін қадағалап отыратын мердігер керек. Бұл – еліміздің мемлекеттік рәмізі. Сондықтан барынша қырағылық танытып, оған аса ұқыпты әрі мұқият қарауымыз қажет», — деді Марат Жүндібаев.

Сонымен қатар әкім аппаратына Тудың матасының бүлінбеуін күнделікті қадағалауды тапсырды. Күндіз-түні көзден таса қылмай, баладай әлпештеу артық болмас деген ой айтылды. Расында, көк Тудың биікте желбірегені – елдігіміздің айғағы.

Бойдағы намысты оятып, рухты көтеретін құдірет. Ендеше байрағымыз көкте желбіреп, тұғырынан түспесін дейміз.

Қымбат ДОСЖАНОВА