Өрт қоғамдық көліктер тұрағындағы автобустар боксында 23-ші қыркүйек күні сағат түңгі он екілер шамасында басталған. Қаланың өрт сөндіру қызметкерлерінің күшімен тілсіз жау екі сағаттан соң ауыздықталған. Осылайша жеті қоғамдық көлік жанып кетті.
“Өрт сөндіру қызметіне хабарлама түскен бойда жедел қызметкерлер аттанды. Оқиға орнына 16 өрт сөндіру көлігі және жеке құрамның 55 қызметкері жұмылдырылды. Өрт аумағы 220 шаршы метрді шарпыған. Өртті сөндіруге екі сағат уақыт кетті. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Әзірге жағдай белгісіз”, – дейді Қостанай облысы ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.
Тілсіз жаудың салдарынан тұрақтағы 32 автобустың жетеуі жанып кеткен. Олардың үшеуі қоғамдық көлік болса, төртеуі жеке ұйымдардың автобустары.
“Орын алған төтенше жағдайға байланысты 8, 10, 11, 12, 21 және 38 мартшруттардағы қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі бұзылды. Салдарынан 14 қоғамдық көлік бағытқа шықпай, жүру жилігі 20-30 минутқа ұзарды. БАҚ құралдары және IKomek ахуалдық орталығы арқылы тұрғындарға болған жағдай жеткізіліп, түсіндіріліп жатыр. Алдағы екі-үш күнде өзге ыс шалған автобустар толық жуылып, тазартылады. Содан кейін ғана қызметке кіріседі. Жанып кеткен жеті автобус ескі көліктер”, – дейді ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.
Ал өзге ыс шалған 20 автобустың 10-ы 2021 жылы “СарыАрқаАвтоПромнан” сатып алынған. Қалған оны ескілері. Ал былтыр сатып алынған автобустар зардап шекпеген. Өрттен жапа шеккен адамдар жоқ. ТКШ өкілі жуық арада қоғамдық көліктер қалыпты режимде жұмысқа кірісетінін айтады. Қостанай тұрғындарына күніне 190 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков