Ықшам аудандар Наурыз мейрамын тойлап жатыр

Ықшам аудандар Наурыз мейрамын тойлап жатыр

Қостанай қаласының ықшам аудандарында Наурыз мейрамын тойлату дәстүрге айналған. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай, ең көлемде атап өтуде.

Бүгін, қала әкімі Марат Жүндібаев Қонай шағын ауданындағы, Баймағамбетов көшесі 162-ші тұрғын үйі мен Қорған 2а мекенжайындағы «Австрийский» тұрғын үй кешені ауласында өтіп жатқан Наурыз мейрамына қатысты.

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бұл – көктемнің, жаңарудың, бірлік пен достықтың мерекесі. Біздің ең сүйікті, мемлекеттік мерекелеріміздің бірі. Біз бұл күнді әрқашан бірге, ерекше ықыласпен атап өтеміз. Қонай шағын ауданында бұл мереке дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл да барша тұрғынмен бірге Наурызды қарсы алып отырмыз. Рас, бұл ауданның да өз қиын кезеңдері болды. Құрылыс жұмыстары ұзаққа созылып, түрлі мәселелер туындады. Алайда бүгінгі таңда көптеген түйткілдер шешімін тауып, Қонай қарқынды дамып келеді. Бұл жердің өзіне тән ерекше атмосферасы, киелі топырағы бар», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Ұлыстың ұлы күні көк туды желбіретті. Жыл сайын мейрамды дүркіретіп атап өтетін тұрғын үйлердің бірі – Баймағамбетов 162 мекенжайының тұрғындары. Ұлыстың ұлы күні аула тұрғындары бірігіп көк туды көтерді. Бұл аулада әр мемлекеттік мерекеде, маңызды мейрамда ту көтеріп, тағзым ету дәстүрге айналған. Қала әкімі де осы мекенжайдың тұрғындары қала өміріне белсене араласып, кез-келген мейрамды кең көлемде атап өтетінін тілге тиек етті.

«Арнайы шақырту алып, сіздерді құттықтау үшін келіп отырмын және шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздерді біз әрдайым мақтанышпен айтып жүреміз. Себебі сіздер – өз аулаларын қалай абаттандыру керектігін, қалай күтіп ұстау қажеттігін, ең бастысы, қалай тату-тәтті өмір сүру керектігін көрсетіп отырған үлгілі тұрғындарсыздар. Мұнда әрдайым жақсы, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылады. Сіздерде белсенді, ұйымшыл орта қалыптасқан, тіпті барлық тұрғынның өзі бастамашыл деуге болады. Жуырда әлеуметтік желілерде жарияланған бір мысалды ерекше атап өткім келеді. 8 наурыз мерекесі қарсаңында ер азаматтардың қолдарына күрек алып, аулаларын тазалап, еңбек еткені көпшілікке үлгі болды. Біз де сол кезде: «Міне, осылай өз аулаңды күтіп, айналаңа қамқорлық жасап, өзгелерге қуаныш сыйлауға болады» деп ризашылығымызды білдірдік. Осы үшін тағы да алғыс айтамын. Сіздердің бірліктеріңіз бен ұйымшылдықтарыңыз өзгелерге үлгі бола берсін», – деді қала әкімі.

Аулаға киіз үй тігіп, ішін сән-салтанатымен керемет безендіріпті. Аула ақсақалдары ішке еніп, әкіммен бірге ақ дастархан басына жайғасты. Қариялар бата беріп, қаланың дамуына тілектестік білдірді.

«Еліміз егемендік алғалы бері осында тұрып келеміз. Осы ауданның ұйымшылдығының арқасында түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз бұрынғыдай емес, дәл осы Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен, барша халық болып бірге атап өтетін болдық. Бұл жерде әрдайым жұрт бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесіп жүреді. Қандай іс болса да, барлығы бірігіп атқарады. Бастысы – бейбітшілік пен бірлік. Қай ұлт болса да, тату болса ғана өмір жақсы болады. Біздің аулада белсенді азаматтар көп. Солардың арқасында тазалық сақталып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Өзіміз де қолымыздан келгенше атсалысып, ортақ іске үлес қосып жүрміз. Тіпті, ту тұғыры орнатылып, батырларға арналған бұрыш жасақталды. Бұл жұмыстардың бәрі – тұрғындардың бірлігінің нәтижесі», – дейді Баймағамбетов 162 мекенжайының тұрғыны Еркін Құдабаев.

Аулада дастархан жайылып, тұрғындар наурыз көжеден дәм татты. Қара қазанда дәм пісіріліп, келгендерге үлестірілді.

Қала әкімі баланың тұсауын кесті

Шаһар басшысы Қорған 2а мекенжайындағы «Австрийский» тұрғын үй кешенінде болып, тұрғындарды мейраммен құттықтады. Қала әкімі Марат Жүндібаев баланың тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. Баланың алғашқы қадамына жол ашып, ақжарма тілегін айтты.

«Наурыз – бұл көктемнің, жаңарудың, достық пен бейбітшіліктің мерекесі. Бұл – еліміздегі мемлекеттік мереке ғана емес, біраз халықтарға ортақ, баршаны біріктіретін ерекше күн. Бұл мейрам халықтар арасындағы татулық пен бірлікті айшықтай түседі. Бүгін қаламыздың көптеген аулаларында осындай мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Адамдар бір-бірін құттықтап, бірге жиналып, көктемді бірге қарсы алуы – ауызбіршілік пен ынтымақтың айқын көрінісі. Сіздердің тұрғын үй кешенінің тұрғындарына да ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі сіздер қала көркін жақсартуға, өз аулаларыңызды абаттандыруға белсенді атсалысып келесіздер. Жалпы, қаланың тазалығы мен келешегі – ең алдымен өзімізге байланысты. Егер бәріміз бірге жұмылып, қаламызды көркейтуге үлес қоссақ, Қостанайымыз одан әрі көрікті, жайлы қалаға айналары сөзсіз. Көктем келді, енді бәріміз бірге қаланы тазалап, ретке келтіру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Бұл бастаманы сіздер қолдайды деп сенемін», – деді Марат Жүндібаев.

Тұрғындар алаңда би билеп, көтеріңкі көңіл күйде жүр. Жастар жағы қол күресіп, балалар асық атып ойнауда. Бұл аула Наурызды үшінші жыл қатарынан осындай ауқымда тойлап отыр.

«Біздің аула бір отбасы сияқты. Қай мереке болмасын ұйымшылдықпен атап өтеміз. Тұрғындар тату. Қалалық әкімдік өткізетін үлгілі аула байқауына да қатысып жатырмыз. Тұрғындардан қолдау әркез үзілген емес. Енді міне Наурызды думандатып жатырмыз. Әкімнің өзі келіп, баланың тұсауын кесуі – үлкен құрмет!», – дейді Қорған 2а мекен жайындағы мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Мұхамбетжан Ерболұлы.

Әр аула өзіндік ерекше дайындалған. Жалпы, мереке көтеріңкі көңіл күйде өтіп, тұрғындардың басын қосқан тағылымы мол, мазмұнды іс-шараға айналды.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық дәстүрлер жаңғырып, ұрпақ сабақтастығы жалғасын таба бермек.

Сералы Мырзабай

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ