Қостанай ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде және ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Аудан орталығындағы «Алтын дән» аудандық мәдениет үйінің алаңында өткен «Ұлттық мерекем – Әз Наурызым!» атты мерекелік іс-шараға аудан тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды.
Мереке басталмас бұрын алаңда қазақтың халық әндері мен күйлері шырқалып, ұлттық нақыштағы сауда қатарлары ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын-сауық алаңдары, спорттық жарыстар мен ұлттық ойындар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік аллеясы бойында тігілген 20 киіз үйден құралған этноауыл қонақтарды қазақтың дәстүрлі дастарқанымен қарсы алды.
Салтанатты думан «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты әсерлі прологпен ашылып, «Жез киік» биі мен «Наурыз» әні орындалды. Көрермендерге ежелгі «Шашу» дәстүрі көрсетіліп, бауырсақтар таратылды.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – «Күн мен түн» театралды қойылымы болды. Бұл көрініс табиғаттың жаңаруы мен тепе-теңдігін бейнелеп, Наурыздың мәнін терең жеткізді.
Сондай-ақ сахна алдында қасиетті Тайқазан орнатылып, «Наурыз көже» дайындау дәстүрі кеңінен таныстырылды. Ақ жаулықты әжелер жеті түрлі дәмнің маңызын түсіндіріп, жиналған қауымға ұлттық тағам ұсынылды. Қыдыр ата батасын беріп, елге амандық, береке тіледі.
Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев жұртшылықты мерекемен құттықтады.
«Наурыз тек көктемнің келуі ғана емес, бұл – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен татулықтың мейрамы. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан бұл ұлы күн халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен рухани байлығын дәріптейтін ерекше мереке. Бүгін біз бір шаңырақ астында жиналып, өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қараймыз. Бұл – елдігіміздің, ынтымағымыздың айқын көрінісі. Әр шаңыраққа амандық, молшылық, береке тілеймін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!» — деген лебізін білдірді.
Мереке аясында «Керегеміз кең болсын!» атты үздік киіз үй байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар ұлттық дәстүрлерді насихаттайтын «Шолпы тағу» көрінісі көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш бойы аудан өнерпаздары ән шырқап, би билеп, түрлі концерттік бағдарламалар ұсынды. Әртүрлі этномәдени ұжымдардың өнері мерекеге ерекше сән берді.

Думан соңында ұйымдастырушылар барша тұрғындарды Наурыз мерекесімен тағы да құттықтап, елге тыныштық, әр отбасыға бақыт пен береке тіледі.
Рабиға Атуллина
