Шақшақ Жәнібек көшесі, №51 мекен-жайындағы көпқабатты үйден пәтер кілттерін табыстау іс-шарасында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. 
«Бүгін біз қаламыз үшін қуанышты жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Ұлыстың ұлы күні – әз – Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етпекпіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі баспанаға мұқтаж азаматтарды барынша тұрғын үймен қамтамасыз етуді ерекше назарында ұстап келеді. Осы мақсатта жұмыс жасайтын «Тұрғын үй – коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде еліміз бойынша жыл сайын мыңдаған тұрғын үйлер салынып, баспанаға мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлауда», – деп тұрғын үй мәселесіне тоқталып өтті Әмірхан Асанов.
Арқалық қаласында да бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы Байтұрсынов көшесі, №13 мекен-жайында 48 пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына берілсе, 2026 жылы да бұл игі іс жақсы жалғасын тапты. Жергілікті билік бұған дейін қайта қалпына келтірілген, Байтұрсынов көшесі, №12 мекен-жайында орналасқан 55 пәтерлі тұрғын үйді 983 миллион теңгеге сатып алып, баспанаға мұқтаж, әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға табыс еткен болатын.Енді, міне, бұл жұмыс одан әрі жалғасып, Шақшақ Жәнібек көшесіндегі №51 үйде 18 отбасы баспана тойын тойлап отыр.
Қала әкімі өз кезегінде үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген мердігер басшысы Темірлан Қайратұлына алғысын білдірді.

Көппәтерлі үй әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға беру мақсатында 281 миллион 967 мың теңгеге сатып алынған. Заманға сай қайта жөндеуден өткен үйде екі бөлмелі – 12 пәтер, үш бөлмелі – 6 пәтер бар.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы