Бүгін жалпыхалықтық референдум күні Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 балалар музыка мектебінде, №3 референдум учаскесінде тұрғындар үшін ерекше мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Дауыс беруге келген қала тұрғындары мен қонақтары мектеп ғимаратында ашылған көрмені тамашалап, мерекелік жәрмеңкеге қатысты.

Мектеп ішінде ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары – домбыра, қобыз, жетіген секілді ұлттық мұралар қойылып, келушілерге олардың ерекшелігі мен маңызы таныстырылды. Сонымен қатар мектеп оқушыларының салған суреттері де жұрт назарына ұсынылды.

Ал мектептің кіреберіс бөлігінде жәрмеңке өтуде. Мұнда тұрғындарға түрлі азық-түлік өнімдері мен жемістер ұсынылды. Сонымен қатар қара қазанда палау дайындалуда. Бұл іс-шара дауыс беруге келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, мерекелік атмосфера сыйлауда.

Осылайша, референдум күні ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар тұрғындардың бірлігін нығайтып, ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға ерекше мазмұн қосты.

Дауыс беруге келген азаматтар тек өз таңдауларын жасап қана қоймай, ұлттық өнер мен шығармашылықты дәріптеген көрмелер мен мерекелік іс-шаралардың куәсі болды.

