Арқалықтықтар белсенділік танытуда

Арқалықтықтар белсенділік танытуда

Ел болашағы дегенде ешкімнің де бейтарап қалмайтыны анық. Республикалық маңызы бар халықтық референдумға Арқалық қаласының тұрғындары да өз үлестерін қосып, белсенділіктерін танытып жатыр.

Жалпы, қала және қалаға қарасты ауылдар бойынша 29 референдум учаскесі белгіленген уақытта өз жұмыстарын бастады. Солардың бірі — Абай Құнанбаев атындағы мектеп – гимназия ғимаратында орналасқан №106 референдум учаскесі.

blank

Ел Әнұраны ойнатылып, комиссия және бақылаушылар дауыс берушілерді қабылдады.

Серікбай Қапышұлы,

№106 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:

blank

«Референдум учаскесіне 1994 адам дауыс беру тізіміне енген. Қазіргі таңда сайлау комиссиясында 7 адам жұмыс істеп жатыр. Бәрі де көп жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар.

Тұрғындарымыз таңғы сағат 6 дан бастап келіп жатыр. Қарқыны жақсы. Таңғы 7-ден бастап жұмысымызды бастадық. Халықтың келіп өз таңдауларын жасауларына бүкіл жағдай жасалған. Дауыс берушілер көп, әрі көңілдері көтеріңкі.

Нұршат Серікқызы,

«Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының өкілі:

«Халық еркін түрде келіп, өз дауыстарын беруде. Бәрін бақылап, қадағалап отырмыз. Референдум өте жақсы өтіп жатыр».

Мақсұтбек Маратұлы,

«Аманат» партиясының сырттай бақылаушысы:

«Учаскемізде референдум белсенді жүруде. Уақытымен басталып, дауыс берушілер толассыз келіп жатыр». Референдум учаскесінде әдеттегідей алғашқы келушілерге және алғаш рет дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сәуле Серікқызы,

дауыс беруші:

blank

 «Арқалық жылу энергетикалық компаниясында жұмыс істеймін. Ертелетіп келіп, өз таңдауымды жасап, азаматтық ұстанымымды білдіріп жатырмын. Комиссия мүшелері алғашқы болып келдіңіз деп сыйлықтарын беріп жатыр. Баршасына дән ризамын.

Барша отандастарыма кемел келешек, баянды бақыт тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, еліміз өркендеп, көркейе берсін».

Ал, тұңғыш рет дауыс беруші Арқалық медициналық колледжінің студенті Айғайша Шөптібай да Жаңа Қазақстанның келешегі кемел екеніне нық сенімді.

 Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

        Арқалық қаласы