Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры Қостанайда «Сен және мен» қойылымын ұсынды. Бұл туынды көрерменге терең ой салып, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады.


Қойылымда басты рөлдерді Досжан Жанботаев, Бақытжан Ибраев және Сабира Бегайдарова шебер сомдап, кейіпкерлердің жан дүниесін әсерлі жеткізді. Қоюшы режиссер Шағуан Үмбетқалиев спектакль арқылы үміт пен жалғыздық, отбасы құндылықтары, сондай-ақ қарттар үйі мен балалар үйі тақырыптарын шынайы бейнеледі.


«Биыл театрымыздың 55 жылдығы. Еліміз бойынша гастрольдік сапарымызды жоспарладық. Театрдың бастауы Тобыл-Торғай елі болғандықтан, гастрольдың басын Қостанай елінен бастап отырмыз. «Сен және мен», «Ғашықтар» және балаларға арналған ертегіміз бар. Көрерменнің қабылдауы, Қостанай елінің қонақжайлылығына ризашылығымызды білдіреміз», – дейді Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театрының басшысы Досхан Сакенұлы.


«Сен және мен» – адам тағдыры мен мейірімнің маңызын көрсететін тағылымды қойылым. Қостанай көрермені спектакльді жылы қабылдап, театр ұжымына зор қошемет көрсетті.



Қойылым соңында облыс әкімдігі атынан ықылас гүлі қойылып, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов театр ұжымына ерекше алғысын білдірді. Ол «Сен және мен» спектаклінің көрерменге терең әсер қалдырғанын атап өтіп, өнер ұжымының еңбегіне жоғары баға берді. Іс-шара барысында театрға арнайы алғыс хат табысталды.
БОТА МАНЕТ
