«Менің Елім – Менің Туым»: Қостанайда патриоттық акция өтті

«Менің Елім – Менің Туым»: Қостанайда патриоттық акция өтті

«Әділет» партиясының жастар қанаты Республика күніне орай «Менің Елім – Менің Туым» патриоттық акциясын ұйымдастырды.

Ол 22 қазанда академик З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде өтті.

Акцияға жастар қанатының белсенділері мен университет студенттері қатысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына деген құрметтерін көрсетті. Іс-шараның басты сәті оқу орны ғимаратының терезелеріне 40-қа жуық көк байрақты салтанатты түрде ілу болды. Қаланың адам көп жүретін көшелерінің бірінде орналасқан университет алдынан өткен тұрғындар мен жүргізушілер де патриоттық бастаманың куәсі болды.

«Менің Елім – Менің Туым» акциясының негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу және тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу.

«Мемлекеттік Ту – егемендігіміздің нышаны ғана емес, сонымен қатар барша қазақстандықтардың бірлігі мен ортақ болашағын бейнелейтін маңызды символ. Осындай акциялар арқылы біз жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, елін құрметтеуге және мемлекеттік рәміздерді қадірлеуге шақырамыз. Көк байрағымыздың желбірегенін көру әрқайсымыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатады», – деп атап өтті жастар қанатының төрағасы Аружан Сәрсенбаева.

Іс-шара З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетімен бірлесіп және Қостанай қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Менің Елім – Менің Туым» акциясы жастарды ортақ патриоттық құндылықтар төңірегінде біріктіріп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі.