Облыс орталығында Республика күніне орай сауда орындары мерекелік жеңілдіктер ұсынуда. 17-27 қазан аралығында өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары аясында тұрғындар парфюмерия, киім-кешек, аяқкиім және күнделікті қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып ала алуда.
Саудагерлердің айтуынша, жеңілдіктер сатып алушылардың қызығушылығын арттырып, дүкендерге келушілер санын көбейткен.

Мерекеге орайластырылған сауда науқаны халыққа қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттырып отыр. Акцияны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған. Қызу кезеңі 21-27 қазан аралығына жоспарланған. Осы күндері сауда орындарында арнайы бағалар мен жеңілдіктер ұсынылып, сатып алушыларға тауарларды тиімді шарттармен алу мүмкіндігі жасалған.
Парфюмерияға – 20 пайызға дейін жеңілдік
Акцияға қатысып жатқан дүкендердің бірі – Estual парфюмерия дүкені. Мұнда тұтынушылар толық көлемді әтірлерді 10-20 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады. Ал 5 және 10 миллилитрлік құйма парфюмерияға 5 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ол 21 мың теңгеден асатын чекке қолданылады.

Дүкеннің сатушы-кеңесшісі Алина Иватулинаның айтуынша, акция басталғалы сатып алушылардың жеңілдіктерге деген қызығушылығы артқан. Клиенттер тауар бағасын салыстырып, қосымша өнім алған жағдайда жеңілдіктің қаншалықты өзгеретінін де сұрайды.
«Адамдар осы күндері жиі келе бастады. Жеңілдіктер туралы сұрайды, қызығушылық танытады. Кейбірі құйма парфюмериядан тағы бірнеше нұсқа алса, жеңілдік көбейе ме деп есептетеді», – дейді Алина Иватулина.
Оның сөзінше, толық көлемді әтірлерге көбіне 10 пайыздық жеңілдік жасалады. Ал 20 пайыздық жеңілдік белгілі бір брендтерге ғана қолданылады. Құйма парфюмерияға 5 пайыздық жеңілдік жиірек ұсынылады.
Сатып алушылардың таңдауына әлеуметтік желілер де әсер етеді. Алина Иватулина Instagram желісіндегі жарнамалардан немесе танымал блогерлерден көрген хош иістерді сұрап келетіндер бар екенін айтады. Сонымен қатар Louis Vuitton, Roja және Clive Christian секілді люкс әрі нишалық парфюмерия брендтеріне сұраныс бар. Ал классикалық хош иістерді ұнататын тұтынушылар Versace мен Dior секілді брендтерді таңдауды жалғастырып келеді.
Дүкенде жеңілдіктен бөлек, жинақтаушы бонус жүйесі де жұмыс істейді. Кейбір клиенттер бірден берілетін 5 пайыздық жеңілдіктен бас тартып, келесі сатып алуда пайдалануға болатын бонус картасын рәсімдеуді жөн көреді. Бұл дүкеннің әр тұтынушының қалауына қарай қызмет көрсетуге тырысатынын көрсетеді.
Акцияға «Macan» брендімен жұмыс істейтін киім және аяқкиім дүкендері де қатысып жатыр. Мұнда тауарлардың жекелеген түрлеріне 30-60 пайыз аралығында жеңілдік ұсынылған.

Қос дүкеннің директоры Евгения Маметованың айтуынша, жеңілдікпен сатылатын тауарлар арнайы бөлінген орында орналасқан.

Олардың қатарында соңғы үлгілер де, жаңа тауарлар да бар.
«Біз бұл акцияға барынша қатысуға тырыстық. Өйткені оның мақсаты – дүкеннің танымалдығын арттыру, жаңа клиенттер тарту және тұрақты сатып алушыларды қолдау», – дейді Евгения Маметова.
Дүкен басшысының айтуынша, қазан айында сатып алушылар қысқы киімдерге көбірек көңіл бөле бастаған. Әсіресе жылы спорттық костюмдер, қалың шалбарлар мен кофталарға сұраныс жоғары. Қысқы курткалар да жақсы өтетін тауарлардың қатарында.
Бұл маусымдық сұраныстың саудадағы маңызын көрсетеді. Күн суыта бастаған шақта тұрғындар қысқа қажетті киімдерді алдын ала сатып алуға тырысады. Ал мерекелік жеңілдіктер қажетті тауарларды тиімді бағамен алуға қосымша мүмкіндік береді.
Евгения Маметова тұрғындарды киім сатылатын жасыл түсті «Macan» дүкеніне және аяқкиім сатылатын сары түсті «Macan» дүкеніне келуге шақырды.
Акцияға қай сауда орындары қатысуда?
Қостанай облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына сауда орталықтары, супермаркеттер мен басқа да сауда нысандары қатысып жатыр. Олардың қатарында: «Kostanay PLAZA» сауда орталығы – Қостанай қаласы, Назарбаев даңғылы, 193; «Mart» сауда орталығы – Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 48; «Апельсин» сауда орталығы – Екатеринбург–Алматы тасжолының 550-шақырымы; «ЦУМ» сауда орталығы – Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 65; Қазақ-француз орталығы – Қостанай қаласы, Гоголь көшесі, 85А; «Емшан» сауда орталығы – Қостанай қаласы, Абай даңғылы, 34А; «ЦУМ» сауда орталығы – Рудный қаласы, Ленин көшесі, 60.
Ал «Bereke Fest» акциясына қатысатын сауда нысандарының қатарында: «Астықжан» супермаркеттері – Қостанай қаласы, Абай даңғылы, 1Б; Урожайная көшесі, 22; Назарбаев даңғылы, 193; «Солнечный» супермаркеттері – Қостанай қаласындағы Бородин, Карбышев, Герасимов, Қайырбеков, Қорған көшелерінде, Юбилейный шағынауданында және Екатеринбург–Алматы тасжолының 550-шақырымында; сондай-ақ Заречное ауылында және Арқалық қаласында; «Small» супермаркеттері – Қостанай қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 135; Әл-Фараби даңғылы, 48; Абай даңғылы, 68А; «Корзинка» супермаркеті – Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 32; «Mister Apelsin» супермаркеті – Қостанай қаласы, Гоголь көшесі, 61; «Zetro» супермаркеті – Қостанай қаласы, Маяковский көшесі, 105/1.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық акциялар ішкі сауданы жандандыруға, тұтынушылардың сұранысын қолдауға және отандық өнімдердің саудадағы үлесін арттыруға бағытталған.
Республика күніне орай ұйымдастырылған науқан тұрғындарға қажетті тауарларды жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік берсе, кәсіпкерлер үшін жаңа клиенттер тартуға және өз өнімдерін кеңінен танытуға жол ашады. Алайда жеңілдіктің нақты мөлшері тауар түріне, брендіне және сауда орнының шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан сатып алушыларға тауарды таңдамас бұрын акция талаптарын нақтылап алған жөн.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
