IQanat қорының мәліметінше, олимпиаданың негізгі мақсаты — ауыл оқушыларын Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарына түсуге дайындау.
Іріктеуден өткен оқушылар үш жыл бойы тегін білім беру және қолдау бағдарламасына қатыса алады.
Жоба аясында ауыл мектептерінің түлектері Nazarbayev University, Purdue University, Hong Kong Polytechnic University, University of Chicago және басқа да беделді университеттердің гранттарына ие болған.
Қазан айында өтіп жатқан аудандық кезеңге еліміздің ауылдық жерлерінен 67 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысы қатысуда. Ұйымдастырушылардың дерегінше, қатысушылардың шамамен 70 пайызы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан.
Бірінші кезеңде оқушылар математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау қабілеті және қазақ тілін меңгеру деңгейі бойынша тест тапсырады. Сонымен қатар қатысушыларға білім алуға, жеке дамуға және мақсаттарына жетуге ынталандыратын кездесулер ұйымдастырылады.
Осы кезеңнің қорытындысы бойынша жартылай финалға өтетін 10 мың оқушы анықталады.
Олимпиаданың екінші кезеңінде қатысушылар пәндер бойынша тереңдетілген тестілеуден өтеді. Оның нәтижесінде 1 мың финалист іріктеледі.
Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Қалған оқушылар үш жылдық олимпиададан кейінгі қолдау бағдарламасына қатысады.
Бағдарлама аясында олар ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін, soft skills дағдыларын, кәсіпкерлік негіздерін және басқа да бағыттарды меңгереді. Оқушылардың жетістіктері бақыланып, олардың әрі қарай дамуына қолдау көрсетіледі.
Қазіргі уақытта облыстың 11 ауданында – Амангелді, Әулиекөл, Жангелдин, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара, Наурызым, Ұзынкөл және Федоров аудандарында – 1 700 оқушы тестілеуден өткен. Ал Алтынсарин, Қарасу, Қостанай, Сарыкөл, Б. Майлин аудандары мен Арқалық қаласының сегізінші сынып оқушылары әлі де олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуы керек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IQanat олимпиадасы ауыл балаларының білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың қабілеттерін дамытуға және Қазақстандағы немесе шетелдегі жоғары оқу орындарына түсуге жол ашуға бағытталған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен алынды
