Қостанайда Республика күніне арналған салтанатты концерт өтіп, өңір тұрғындары ұлттық мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Сахна төрінде Қазақстанның танымал өнерпаздары өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жастар сарайында Республика күніне орай Егемендіктің қадірін ұлықтап, елдіктің еңсесін көтерген салтанатты кешке жиналған қауым Отанға деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті және ортақ болашаққа деген сенімді айшықтаған мазмұнды бағдарламаға куә болды.
Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Салтанатты сәтте сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин шығып, Әнұранды орындады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөз сөйлеп, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Ол бұл мерекенің ел тарихындағы айрықша орнын атап өтіп, тәуелсіздіктің негізі бірлікке, тұрақтылыққа және ел игілігі жолындағы ортақ еңбекке сүйенетінін жеткізді.

“1990 жылғы 25 қазанда маңызды қадам жасалып, ел тарихының жаңа парағыашылды. Қазіргі таңда Республика күні – заңға, азаматтық теңдікке, саналы патриотизмге және халық еркінің үстемдігіне сүйенетін «Әділетті Қазақстанның» басты символына айналды”, — деді өңір басшысы.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан үлкен тарихи жолдан өтіп, елеулі сынақтарды еңсерді, халықаралық аренадағы беделін нығайтып, дамудың берік негізін қалыптастырғанын жеткізді.
“Мемлекетіміздің барлық жетістіктерін есте сақтап, үнемі айтып жүру керекпіз, өйткені олардың бәрі – Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің жемісі. Ал биылғы 2026 жылдың тарихи орны ерекше: еліміз конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты, Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтудеміз. Бұл жыл біздің өңіріміз үшін де ерекше маңызға ие: Қостанай облысының 90 жылдығын атап өттік. Осы уақыт ішінде өңір қалыптасу мен дамудың маңызды жолынан өтті. Бірнеше ұрпақ аға-буынның еңбегімен өнеркәсіп орындары құрылып, ауыл шаруашылығы дамыды, өлкенің экономикалық және қоғамдық әлеуеті қалыптасты. Қостанай облысы мен еліміздің тарихына есімдері мәңгілікке жазылған көрнекті жерлестеріміздің арасында Социалистік Еңбек Ері Камшат Дөненбаева, Вера Сидорова және Михаил Яровой бар. Қостанайлықтар өңіріміздің даңқты еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов, Борис Князев пен Алмат Тұрсыновтың үлесін ерекше мақтанышпен атап өтеді. Қазір біз Тәуелсіз Қазақстанды нығайту мен өркендетуге өз үлесімізді қоса отырып, олардың жолын мақтанышпен жалғастырып келеміз. Осы орайда, облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен Тәртіпті ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолында жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысады деп сенемін”, — деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы облыстың дамуына үлес қосып жүргер бірқатар түрлі сала майталмандарына мемлекеттік наградаларды табыстады.

Солардың бірі “Құрмет” орданінің иегері атанған Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Гүлден Құрманғалиева.
“Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияда 27 жылдан астам ұстаздық жолында еңбек етіп келемін. Әрине, студенттік кезден бастап еске алсақ, Арқалық қаласының өсіп өрлеуіне куә болдым. Ал бүгінгі таңда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен Арқалық қаласының инфрақұрылымы жаңартып, қаламыз гүлденіп жатыр. Әуежайымыз ашылып, жұмыс істеп жатыр. Осындай жаңалықтарды мақтан тұтамын, мақтаныш етемін. Бүгінгі осындай мемлекеттік дәрежедегі марапат алуым өзімнің ғана еңбегім емес, еңбек етіп жатқан ұжымымның, Арқалық қаласы ұстаздарының еңбегі, жемісі деп білемін. Өмірімізді жаңартып, қолдау жасалғанға, ұстаздарымызға осындай еңбектері еленіп, осындай мемлекеттік марапат иелері болып жатқанына Президентімізге алғысымызды білдіреміз. Құмар Іргебайұлының қолынан алуым үлкен мәртебе”, — деді ол.
Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 36 жыл толды. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды кезең болды.
Осы тұрғыдан алғанда, Республика күні елдіктің бастауларын бағамдап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мереке ретінде аталып өтті.
Концерттің көркемдік мазмұны да мерекенің мәнін аша түсті.

Сахнада ұлттық өнер мен заманауи музыканың үндестігі көрініс тауып, би композициялары, патриоттық әндер мен музыкалық қойылымдар ұсынылды. Қазақстанның мемлекеттік академиялық би театрының әртістері «Ер Тұран» және «Қызғылт вальс» композицияларын орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Мерекелік кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Сүндет Байғожиннің өнер көрсетті. Өнер иесі туған жеріне арнайы келіп, қостанайлықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.
Сондай- ақ Құмар Ақсақаловтың қолынан “Парасат” орденін алды.
Мерекелік бағдарламада «Қостанайым менің», «Туған жер», «Отан», «Арқалықтың ақ таңы», «Атамекен» секілді елдік рухты көтеретін шығармалар орындалды. Әртүрлі өнер ұжымдары мен солистердің басын қосқан концерт ұлттық мәдениеттің байлығын, өңір өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін және туған жерге деген құрметті көрсетті.
Қостанайлықтар үшін Республика күні ел тәуелсіздігінің қадірін ұғындыратын, ортақ құндылықтарды дәріптейтін және болашаққа сенім ұялататын мерекеге айналды.
Республика күні – мемлекеттіліктің мерейін асырып, халықтың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін нығайтатын маңызды күн.
Қостанайда өткен мерекелік концерт осы құндылықтарды өнер тілімен жеткізіп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
