Ғылыми конференция Республика күніне арналды

Ғылыми конференция Республика күніне арналды

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында  «Қазіргі құқық қорғау органдарының ұйымдастырылуы және қызметі:  мәселелері мен шешу жолдары» деген тақырыпта өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференция биыл еліміздің Республика күні мерекесіне арналды. Сонымен қатар еліміздің құқық қорғау органдарына сапалы мамандар дайындап отырған білім ордасына биыл 55 жыл толады. Конференцияға еліміздің жоғары оқу орындары мен ІІМ академияларынан және  Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясынан ғалымдар мен оқытушылар, тәжірибелі мамандар онлайн қатысты.

Конференцияға қатысушыларды Академия бастығының уақытша міндетін атқарушы, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор (доцент), полиция полковнигі Ерлан Намысов ғылыми шараның басталуымен құттықтап,  оның табысты өтуіне тілектестік білдірді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және құқық қорғау органдарының жұмысына цифрлық технологияларды енгізуді құқық қорғау органдарында атқарылар жұмыстардың басты бағыты екендігін айтқан болатын. Сондықтан бұл біздің құқық қорғау органдарымен қатар білім беру мамандар дайындау ісінде де жұмысымыздың темірқазығы болуы тиіс, – деді Ерлан Думанұлы.

Өркениеттің дамуы және уақыт өзгерістеріне қарай қылмыс әлемі де әккілене түседі.  Сондықтан құқық қорғау органдары үшін қылмысқа қарсы күрестің тәсілдерін дамыту, білім сапасын көтеру мен тәжірибені байыту қашан да өзекті болып қала береді. Конференцияда ғалымдар, тәжірибелі мамандар тиімді тәсілдер мен үздік  тәжірибелерді талқылады, келелі ой қозғап,  терең пікірталас, диалогтар құрды. Қылмыс мемлекет, ел, жер таңдамайды, сондықтан  конференция көтерген ғылыми мәселелердің барлығы да ортақ мақсаттарға жетелейді.