Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қаладағы «ЭПК-forfait» ЖШС болып, серіктестіктегі жаңашылдықтармен танысты. Былтырмен салыстырғанда электр желілеріндегі апат деңгейі он пайызға төмендеген.
Мекеме басшысы Дидар Аманжолов цифрландыруға ден қойылғанын атап өтті. Өндірістік және коммуникациялық үдерістерді автоматтандыруға үлкен көңіл бөлген. Яғни, абоненттер арасында төменгі деңгейдегі электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген.
«Бұл – отандық өндіруші «Сайман» компаниясының өнімі. Құрылғылар Алматы қаласында өндіріледі. Біз зауытқа барып, мамандарымыз арнайы оқудан өтті, қазіргі таңда олармен тығыз байланыс орнатылған. Жалпы 211 мың абоненттің ішінде 34 мыңына осындай есептегіштер орнатылды. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Көрсеткіштерді қашықтан жинау, есептің жоғары дәлдігі, теңгерімнің дұрыстығы, шығындарды азайту және электр энергиясын ұрлаудан қорғау қамтамасыз етіледі», – дейді бас директор.
Электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің экономикалық тиімділігі де айқын байқалады. Желілерді жаңарту жұмыстарымен қатар, жыл сайын 18-30 млн теңге арасында үнемдеген. Биыл ірі жобаларды есептемегенде 31 млн теңге үнемдеуді жоспарлап отыр.
«Бұл жерде маңызды мәселе табиғи монополия субъектілері техникалық шығындарды, желілердегі кемшіліктерді тұтынушылардың мойнына артпауы тиіс. Бұл талап халыққа да, заңды тұлғаларға да қатысты. Әрине, шығын нөлге тең болмайды, белгілі бір норматив болады. Бірақ біз сол нормативке барынша жақындауымыз керек. Бұл тек электр энергиясына ғана емес, жылу, су жүйелеріне де қатысты. Мұндай нәтижеге модернизация, жаңа құрылғылар және қашықтан есепке алу жүйелері арқылы қол жеткізуге болады», – деді Дидар Аманжолов.
Жалпы инфрақұрылымға келсек желілердің ұзындығы – 12 мың шақырым. Олар әртүрлі кернеу кластарында, ал қосалқы станциялар саны – 3,5 мыңнан асады.
«Сондай-ақ, соңғы үш жылда 70-ке жуық арнайы техника сатып алынды, сегіз өндірістік базаға күрделі жөндеу жүргізілді. Қалған үш нысанды Қамысты, Жітіқара, Алтынсарин аудандарындағы мекемені де жөндейміз. Бұдан бөлек, біз коммуналдық және энергетикалық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жобаға қатысып жатырмыз. Алғашқы кезеңде шамамен 400 миллион теңгеге пилоттық жоба іске асырылуда. Жоба аясында қаланың іргесіндегі Амангелді ауылында 21 шақырым желі жаңартылып, тұрғындар арасында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгіземіз», – деді ол.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов электрмен жабдықтау экономиканың жұмыс істеуі мен халықтың өмір сүру сапасының негізі екенін атап өтті. Сондықтан энергетикалық кешенді жаңғырту облыс үшін басым міндеттердің бірі болмақ.
«Айта кету керек, атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтижелер беруде. Ең алдымен, өткен жылмен салыстырғанда желілердегі апаттылық деңгейі 10%-ға төмендеді. Бұл техникалық қызмет көрсетудің сапасы артқанын көрсетеді. Жаңа цифрлық диспетчерлік орталықтың арқасында апаттық ажыратуларға әрекет ету уақыты, яғни ақау орнын анықтау немесе жабдықтың ажыратылуын белгілеу уақыты 2 сағаттан 5 минутқа дейін қысқарды. Бұл тұрғындар мен бизнес үшін электрмен жабдықтауды әлдеқайда жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық көрсеткіштер бойынша да оң динамика байқалады. Электр желілерінің тозу деңгейін 2021 жылғы 83%-дан осы жылы 73%-ға дейін төмендету, жабдықтарды жаңарту, желілер мен қосалқы станцияларды қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде», – деді Құмар Ақсақалов.
Желілердегі техникалық шығындардың 6,4%-ға дейін қысқаруы маңызды көрсеткіш. Республика бойынша орташа деңгей 10-11%. Қызметкерлер үшін заманауи еңбек жағдайларын жасау дұрыс бағыт екенін ерекше атап өтті өңір басшысы. Өйткені мықты команда тиімді жұмыс істеуі үшін лайықты жағдай қажет.
«Цифрлық есептеу құралдарын, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін және жасанды интеллект негізіндегі алғашқы шешімдерді енгізу ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл – болашағы зор бағыт. Дегенмен, деректерді қашықтан беретін есептегіштердің үлесі небәрі 16% ғана – бұл жеткіліксіз. Цифрландыру бір реттік жоба емес. Сапалы деректер жинақтау және оларды интеллектуалды талдау арқылы шешім қабылдау үшін бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізу қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі басты міндеттердің қатарында апат салдарын жоюдан оларды болжау мен алдын алуға көшу екенін жеткізді.

Сонымен қатар, қлмен басқарудан зияткерлік энергия жүйесіне өту деді ол.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
