Ұлттық құндылықтар дәріптелген этнофорум

Ұлттық құндылықтар дәріптелген этнофорум

Жыл өткен сайын мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыратын шаралар қатары түрленіп келе жатыр. Ал, оған қатысушылар арасында өзге ұлт өкілдерінің саны да айтарлықтай артуда. Лисаков қаласында өткен «Мемлекеттік тіл – халық қазынасы» атты этнофорум осыған айғақ. Форум асында ұлттық киімдер, ойындар мен тағамдар таныстырылып, қатысушылардың өздері бірге жасады.
Өзгеше форматта ұйымдастырылған шара Лисаков қаласы мен Октябрь кентінің оқушылары мен Лисаков техникалық колледжінің студенттерінен құралған 80-нен астам қатысушының басын қосыпты. Этнофорумның мақсаты – жастар арасында тілдерді меңгеру мен командалық жұмысты нығайту.

 

Бұл жолы 8 команда жарысқа қатысып, білімдері мен логикасын сынады.
«Алый парус» лагерінде жиналған жеткіншектерге кофе-брейк ұйымдастырылып, сәнді шоперлер мен тақиялар тарату рәсімімен басталды. Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбарам Төлебаева құттықтау сөз сөйлеп, жастар үшін мемлекеттік тілдің маңыздылығын атап өтті.

– Қаламызда алғаш рет жүзеге асырылып жатқан жобамен құттықтағым келеді, ол нақты қалалық жастарға арналған. Бұрын облыстық іс-шараларды өткізіп, қала жастарының аз ғана бөлігін тартатынбыз. Бұл жолы жеті мектеп пен колледждің өкілдері қатысып отыр. Форум ауқымы кең. Оқушыларымыздың арасында өзара сайыс өтеді. Мысалы, тамақ пісіруден қыздар, тоғызқұмалақ, асық атудан ұлдар жарысады. Сонымен қатар, ұлттық ойын түрлерінен – арқан тарту, тоғызқұмалақтан да оқушылар, студенттер бас сынады. Осылайша біз ұрпақтар сабақтастығын ұстанып отырмыз, – деді Гүлбарам Төлебаева.

Форум бағдарламасы аясында Екатерина Талиеваның психологиялық тренингтері ұйымдастырылды. Одан кейін Марғұлан Бәкір жүргізген «Asu Интеллект» интеллектуалдық ойыны болды, онда мектеп-лицей командасы жеңіске жетті. Бұл ойында қатысушылар түрлі қызықты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.

«Зияткерлік сайыс ағылшын, орыс және қазақ тілінде сұрақтар қою арқылы өткізіліп отыр. Сонымен қатар, командалық жұмысқа, жылдамдыққа, байқампаздыққа арналған тапсырмалар болды, соны орындады. Бірінші тур «иә/жоқ», «рас/өтірік» форматындағы сұрақтар. Екінші турдың сұрақтары Brainboy форматында. Үшінші тур сәйкестендіру керек. Төртінші турда «судока» деген тапсырманы шешу керек болады. Жалпы бұл жерде ойынның мақсаты – негізінен тілдерді тануға ұмтылыс. Сонымен қатар, жастар арасында әсіресе, мектеп оқушыларының арасында интеллектуалдық ортаны қалыптастыру, – дейді форум қонағы Марғұлан Бәкір.

Түстен кейін мемлекеттік тілді еркін меңгеруге үйрететін «Сөйле Time» танымдық шарасы өтті. Дастархан әзірлігінен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Қыздар ет асып, бауырсақтың қамырын илеп, дәмді тағамдарды пісірді.

Ал, жігіттер тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тарту секілді ұлттық ойындарда жарысып, күш пен шеберліктерін көрсетті.

– Биыл этнофорум ерекше өтті. Табиғаттың аясында әрі жақсы демалыс болды. Қатарлас құрбыларымен бауырсақ пісіріп, ет асып, қамырын илеп, жазудан сайыстық. Бұл форумнан түйгенім, ой жарыстырып та, түрлі тағамды пісіріп те білу керек, – дейді форумға қатысқан Ксения.

Этнофорум соңында мерекелік кешкі ас ұйымдастырылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Зияткерлік сайыс қорытындысы бойынша Лисаков техникалық колледжінің студенттері үшінші орын – 20 мың теңгелік сертификатқа ие болса, жүлделі екінші орынды 30 мың теңгелік сертификатты Лисаков қалалық №6 жалпы білім беретін мектебінің «Қонақтар» командасы иеленді. Бірінші орын 50 мың теңгелік сертификатты Лисаков қалалық мектеп-лицей командасы жеңіп алды.

Іс-шара жастардың ұйымшылдығын арттырумен қатар, мемлекеттік тілге деген қызығушылықты дамытуға бағытталды. Кеш би-кешіне ұласып, қатысушылар ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,
ҚӨУ-нің студенттері.

Лисаков қаласы

Жаңалықтармен бөлісу