Үлкендер өсиеті ұрпаққа аманатталды

Үлкендер өсиеті ұрпаққа аманатталды

Қостанайдағы Жеңіс саябағында «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны аясында Солтүстік Қазақстан облысынан келген өсиет хат салынған капсула салтанатты түрде қабылданды. Жоба Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

            Аталған республикалық эстафетаны Қостанай облысы Ақмола облысына жолдайтын болады. Қостанай облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков жобаның ел жастары үшін рухани маңызына тоқталды.

            «Бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен қолға алынған. «Ардагер өсиеті» марафонының көздегені жастар арасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, патриоттық сезімді ояту, ардагерлерге деген құрметті арттыру және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру. Эстафетаны қабылдап алдық. Енді белсенді жастардың басын қосып жиын өткіземіз. Онда жастарға хаттағы өсиеттің мән мағынасы терең жеткізіледі», – дейді Абай Дүйсеков.

blank

Солтүстік Қазақстан облысынан келген арнайы өкіл, Жастар ресурстық орталығының директоры Анастасиа Волкова сөз алып, ардагерлердің ерлігі барлық ұрпаққа үлгі болуы керектігін айтты. Ал олардың өсиеті отанды сүю, бірлік пен бейбітшілікті бағалау дейді ол.

            «Естелік хатпен толық таныстық, тарихтың тынысын сезіндік. Бұл жай ғана символ емес, Отан үшін күрескендер мен бүгінде оның болашағын құрып жатқандар арасындағы тірі байланыс. Солтүстік Қазақстан облысының жастары, бұл хатты құрметпен Қостанай облысына табыстады. Ендігі міндетіміз – есте сақтау. Яғни, түрлі жобалар, патриоттық акциялар арқылы жастардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілікті және бізге соғыссыз өмір сыйлағандарға деген алғысты сақтауға ұмтыламыз. Жастар ел болашағы. Сондықтан рухани мұраны сақтап, оны лайықты жалғастыруымыз қажет», – деді Анастасиа Волкова.

Салтанатты жиында сөз алған Қостанай қалалық ардагерлер кеңесі төрайымының орынбасары Нұржамал Өтемұратова бұл жобаның тарихи жауапкершілік пен ұрпақтар сабақтастығын сезіндіретін бастама екенін айтты.

blank

            «Біз үлкен мақсатпен жиналып отырмыз. «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны – бұл жай ғана іс-шара емес, бұл — тарихи жауапкершілік пен ұрпақтар сабақтастығының символы. Қазір қолымыздан-қолға өтіп жатқан Естелік хатты қабылдап тұрмыз. Бұл – біздің ардагерлеріміздің, тыныш өмір үшін жанын қиып, күрескен батырларымыздың бізге қалдырған аманат-хаты. Олар бізді Отанымызды сүюге, бірлігімізді бағалауға және бейбітшілікті сақтауға шақырады. Осы хатты қабылдау арқылы, олардың ерлігін ешқашан ұмытпайтынымызды және осы бейбіт заманда олардың арманын жалғастыратынымызды білдіреміз», – деді ол.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 2 курс студенті Нұрым Жақсылық тарихи маңызды сәтке куә болғанын жеткізді.

blank

            «Табысталған өсиет хат – жай ғана қағаз емес, біздің ата-әжелеріміздің, майдан даласында ерлік көрсетіп, тылда талмай еңбек еткен батырлардың аманаты. Олардың әрбір сөзі үлкен мағынаға ие. Бейбіт өмір, бостандық, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік – бұл құндылықтар бізге оңай келмеді. Ол үшін қан мен тер төгілді. Біз, жастар, осыны ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы өсиетке адал болып, ата-бабаларымыздың ерлігін үлгі тұту парызымыз», – дейді Нұрым Жақсылық.

blank

Марафон еліміздің барлық өңіріндегі жастарды біріктіріп, оларды әлеуметтік маңызы бар шараларға тартуды көздеген. Қостанай облысы марафон эстафетасын құрметпен қабылдап, болашақ ұрпаққа үлгі боларлықтай маңызды іс-шараны атқарды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – автор