Қазақ тілін шебер меңгерген Софья Польякованы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінде көріп, кейін жақынырақ таныстық.
Сол жолғы байқауда «Ертұран» күйін күмбірлетіп, көпшіліктің назарына іліккен еді. Қазақшасы да тәп-тәуір бойжеткеннің бойынан ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік ерекше байқалады. Әңгімелесе келе оның Науырзым өлкесінің тумасы екенін білдік. Тұмса табиғатымен ЮНЕСКО-ны аузына қаратқан бірегей өңір ұлттық құндылықтар берік сақталған жер. Дәлірек айтқанда, Софья Қарамеңді ауылында туып өсіпті.
«Мен ауылдың қызымын. Біздің жақта түрлі этнос өкілдері сирек. Халықтың басым бөлігін қазақтар құрайды. Сондықтан тіл жағынан ешқандай қиындық жоқ. Бәріміз қазақша жақсы білеміз, түсінеміз, кейбіреуі тіпті тамаша сөйлейді», – деп бастады әңгімесін.
Қазақы ортада өскен адамның мемлекеттік тілді меңгерумен қатар, ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсетіні хақ. Біздің Софья да кеңпейілді жандардың арасында жүріп бой жетті.
«Үйде жалғыз баламын. Ата-анам орыс тілінде сөйлеседі. Бірақ, қазақшаны түсінеді. Тек, жауап бере алмайды. Мені кішкентайымнан балабақшаның қазақ тобына берген. Сондықтан шығар тілім жатық шықты. Одан кейінгі он бір орыс мектебінде оқыдым. Соған қарамастан қазақ тілін қатар қолданып жүрдім. Әсіресе, қазақ тілі ен әдебиеті пәнінен алғашқы мұғалімім Жұлдызай Ғабдолқызының көмегін ерекше атап өткім келеді. Ол кісі менің қызығушылығымды байқап көмектесті, бағыт берді. Сабақтан кейін бірге дайындалатынбыз. Менің білімімді арттырып, сөздік қорымды молайтуға Жұлдызай апай жәрдемдесті», – деді ол.
Софья Польякова Докучаев жалпы білім беретін мектебінде оқи жүріп, балалар шығармашылық үйінің үйірмелеріне қатысқан. Домбыра тартуды сол жерден үйреніпті.
«Төлеби ағай – домбыра тартуды үйреткен ұстазым. Ұлттық аспапты шертудің тәсілін қазақша түсіндіретін. Соның бәрі менің қазақ тілін меңгеруіме жол ашты. Сүйікті күйім «Ертұран». Одан басқа «Ерке сылқым», «Көңіл толқыны», «Тепең көк», «Жастар би» және тағы да басқа көптеген күйлерді білемін. Мектепте концерттерге қатысып, мәдени іс-шараларға белсенді үлес қостым. Өйткені шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын. Ал домбыраның үні жер бетіндегі ең керемет дыбыс. Даланың дүбірі, ананың әлдиі, баланың күлкісі, туған жердің келбеті бәрін күй құдіретімен сипаттауға болады», – дейді өнерлі қыз.
Бүгінде Софья Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқып жүр. Шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенті. Ол орыс, қазақ тілінен бөлек ағылшынды да жақсы біледі. Жоғары оқу орнында тіл білімін жетілдіріп, мықты маман болсам деп армандайды. Сондай-ақ шығармашылықтан да қол үзгісі жоқ. Университеттің «Өнер студиясына» жазылыпты. Домбырашылар ансамблінің құрамына алынып, жаңа күй үйренуде.
Адамның жаратылысы қызық қой. Біреулер бар өнер мен білімді қатар игерген тумысынан талантты. Ал енді біріне өнер қонбақ түгілі, ештеңемен шаруасы жоқ болып келеді. Науырзымдық Софья шығармашылыққа жақын, талабы таудай жан. Қабілетін басып тастамай, шыңдап жүргені қандай тамаша! Мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Мемлекеттік тілге 7 қадам» облыстық жобасына қатысты. Былтыр сол байқаудың жеңімпазы атанды. Биыл «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінде өнер көрсетті. Қалаға келіп, студент атанғалы бұқаралық іс-шараларға ілесе жөнелді. Қазір сабақтан қолы қалт еткенде «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметіне етене араласады.
«Қоғамдық жұмысқа араласқанды ұнатамын. Азаматтық ұстанымым белсенді болуға үндейді. Ал қазақ тілін білу өмірде жетістікке тез жетуге көмегін тигізді. Қала көшелерінде кетіп бара жатып қазақша сөйлеп қалсам бейтаныс жандар таңырқай қарайды. Курстастарым мені «сары қыз» деп еркелетеді. Шын мәнінде мемлекеттік тілді білу бәрімізге ортақ міндет», – деп санайды ол.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Науырзым ауданы
